Талған Нұрғожин: Дәрігер – жай ғана мамандық емес...

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында денсаулық сақтау және білім беру саласы бойынша міндеттер нақты және дер кезінде айқындалды. Мұндай пікірді С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талған Нұрғожин: Дәрігер – жай ғана мамандық емес...

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының әр сөзін қазақстандықтар зор ықыласпен тыңдады. Жолдауда денсаулық сақтау және білім беру саласындағы міндеттер нақты және дер кезінде айқындалды.

«Мемлекет басшысының жолдауы өте ауқымды, әрбір қазақстандықтың іс жүзінде өмірімен, мұқтаждығымен, қамқорлығымен және ұмтылысымен ұштастырылды. Мемлекет басшысы экономиканы дамыту, кәсіби мамандарды даярлау, медициналық қызметтің сапасын жақсарту және басқа да көптеген бағыт бойынша нақты міндеттерді алға тартты. Қазір бүкіл әлем – коронавирус індетіне қарсы бірікті. Бұл мәселені ең жоғары деңгейде Президенттің өзі бірінші кезекке қойғаны, әрине қуантарлық жайт. Пандемияның бір жарым жылы ішінде індет 10 мыңға жуық қазақстандықтың өмірін қиды. Олардың арасында дәрігерлер, медбикелер, басқа да медицина саласының қызметкерлері бар. Бұл індеттен құтылудың ең дұрыс жолы – вакцина алу. Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында коронавирусқа қарсы екпе алудың, вакцинациядан бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеушілермен күресудің маңыздылығын атап өтті. Бұл қауіпті жаңа штамдардың пайда болуына әкелуі мүмкін, дейді Президент. Біз вирустың таралуына жол бермеуіміз керек», - деді ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин.

Биылғы Президент жолдауындағы тағы бір маңызды жаңалық оқытушыларды қолдау үшін 1, 2 триллион теңге көлемінде қосымша қаражат бөлуге қатысты болды, бұл білім сапасын жақсарту мен оқытушы мәртебесін көтеруге оң әсерін тигізері анық.

«Дәл қазір медициналық білім беру өте маңызды, өйткені бүгінде дәрігер – жай ғана мамандық емес, кәсіп. Мамандардың басқа салаларға кетуіне жол бермеу үшін мемлекеттік қолдау қажет. Мен дәрігерлердің еңбекақысы, сыйақысы және басқа да ынталандыру шараларының өсіп жатқанына өте қуаныштымын. Алдағы уақытта Президенттің тапсырмасы бойынша оқытушылардың еңбекақысы өсетін болады», - дейді спикер.

Сонымен қатар, ол білім беру жүйесіндегі өзгерістерге де тоқталды.

«Білім беру жүйесінде өзгерістер тек қоғамның өзі оларды жүзеге асыруды қолға алған кезде ғана болатыны хақ. Бұл жерде дәл жоғары мектеп қоғамдық пікір мен мемлекетіміздің болашағы қалыптасатын орын. Сондықтан жаңашылдыққа ұмтыла отырып, дәстүрлерді сақтау өте маңызды. Еңбекақыны көтеру білім беру жүйесінен дәл бүгін күтетін нәтижені көрсетпейді. Білім беру сапасын көтеру тек оқушылар да, оқытушылар да ынталандырылған жағдайда ғана орын алмақ. Сондықтан негізгі міндет барлығының мүдделерін орайластыру»,- дейді ректор.


Спикер Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттер болашаққа бағдар және нақты қадам екенін атап өтті.

«Жылдамдықпен дамып келе жатқан медицина дәрігерлерді даярлау сапасын күшейтуді талап етеді. Жоғары медициналық білім беру жүйесі медицина және фармацевтика кадрларын даярлауда сапалы серпілісті қамтамасыз етуі тиіс – бұл ҚазҰМУ профессор-оқытушылар құрамының жаңа оқу жылындағы маңызды миссиясы болмақ. Сонымен қатар, Президент Жолдауында денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласын одан әрі дамытудың басымдықтары нақты белгіленген. Ол ауруханалар мен әлеуметтік мекемелерде көрсетілетін қызметтердің сапасына тікелей байланысты болатын лайықты еңбекақы тағайындауды көздеу. Әрбір дәрігер мен медицина қызметкері өз еңбекақысының тек оның жұмысының сапасы мен көлеміне байланысты екенін түсінуі және қабылдауы қажет.

Қызмет сапасын арттыра отырып, біз мейірімділік туралы ұмытпауымыз қажет. Дәрігер мамандығына кездейсоқ адамдар келмеуі керек. Әрдайым жәрдемдесуге дайын және жүрек жылуын ұсына алатын, осы саламен өмірін байланыстыратын азаматтар, сөзсіз, жоғары оқу орындарына түсу кезінде басымдыққа ие болуы керек», - деді Талғат Нұрғожин.

Спикердің сөзінше, осы жолы Президент Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындау барысында жауапкершілікті мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, азаматтардың өзіне де жүктеуге назар аударды.

«Бүгінгі күні бәріміз ел ішінде және елден тыс ақпараттық бәсекелестіктің шиеленісуіне куә болып отырмыз. Осыған орай, Мемлекет басшысы әрбір азаматты жауапкершілікті ұмытпауға шақырады. Еліміздің әрбір азаматы өз сөзі, жұмысы, денсаулығы, елі үшін жауапкершілік алғаны абзал. Азаматтардың әлеуметтік белсенділігі, олардың өз денсаулығы мен әл-ауқаты үшін жауапкершілігі мемлекеттің кепілдендірілген қолдауымен бірге әлеуметтік сала қызметтерінің сапасын бұдан да жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», - деп түйіндеді ҚазҰМУ ректоры.