Талғар аудандық ауруханасының директорына қатысты қызметтік тергеу басталды

Талғар
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Лаура Мырзағали Талғар аудандық орталық ауруханасының медициналық директоры қызметінен босатылды. Қазір оған қатысты қызметтік тергеу басталды, деп хабарлайды Kazinform. 

«A-Class Medical» сенімгерлік басқарушы компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Л.Мырзағали жүргізіліп жатқан қызметтік тергеуге байланысты қызметінен босатылды. Бұл шешім жергілікті интернет-басылымдардың ашық беттерінде ұсынылған дәлелдер мен материалдар негізінде қабылданды.

«Медициналық директорды орнынан алып тастаудағы мақсат – Талғар аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкерлеріне қатысты заңсыз әрекеттерді тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету. Қызметтік тергеу жүргізу үшін құрылған комиссия ұсынылған фактілер мен мән-жайға талдау жасайды. Басқарушы компания тергеу барысында объективтілік пен әділдік принциптерінің сақталуына кепілдік береді. Талғар аудандық орталық ауруханасы қызметкерлерінен сабыр сақтап, тергеу аяқталмайынша БАҚ пен әлеуметтік желіде мәлімдеме жасамауды сұрайды», - делінген хабарламада. 

Былтыр жазда Лаура Мырзағали мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірген әдепсіз қылығы үшін Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары қызметінен босатылған еді.

Сондай-ақ тәртіптік жауапкершілікке тартылып, үш жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. 

Еске салайық 2022 жылы әлеуметтік желілерде Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарының қызметкермен сыйақы туралы сөз таластырған видеосы тараған болатын. 

Осы жылдың ақпан айында жұмыстан қуылған Лаура Мырзағалидың Алматы облысындағы ауруханалардың біріне жұмысқа орналасқаны белгілі болды.

Кейін осыған байланысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті түсінік берді. 

Соңғы жаңалықтар