Талғар ауданының экс-басшысы Кеген ауданына әкім болды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы әкімінің өкімімен Таңат Айдарбеков Кеген ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.
Таңат Есенкелдіұлы Айдарбеков 1971 жылы туған. Білімі жоғары, 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «Бухгалтерлік есеп, бақылау және әкімшілік-шаруашылық қызметі» мамандығы бойынша және 2017 жыл Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Бақанас ет комбинатында бастап, әр жылдары «Қуаныш» АҚ-ның есепшісі, Әуезов ауданы әкімі аппаратының Экономика, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бөлімдерінің бас маманы, Әуезов ауданы әкімі аппаратының бас маманы және осы бөлімнің басшысы, Түркісіб ауданы әкімі аппаратының нарық қатынасын дамыту, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бөлімдерінің бастығы, Алматы қаласы Түрксіб, Бостандық аудандары әкімінің орынбасары, Алматы облысы Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы лауазымдарын атқарған.
2023 жылдан осы уақытқа дейін Талғар ауданын басқарды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына жаңа әкім тағайындалды.
Сондай-ақ Алматы облысының Ұйғыр ауданына жаңа әкім келді.