Талғар қаласына жаңа әкім сайланды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Сайлау қорытындысы бойынша Талғар қаласының әкімі болып Нұрхан Әділхан Лесханұлы сайланды. Бұл туралы Талғар ауданының әкімдігі хабарлады.

Әділхан Нұрхан
Фото: Талғар ауданының әкімдігі

Әділхан Нұрхан 1981 жылы 23 желтоқсанда Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетін «құқықтану», сондай-ақ «қаржы және экономика» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары Жамбыл облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарында, Талғар аудандық Әділет басқармасында, Алматы облысы Әділет департаментінде басшылық қызметтер атқарған. Сонымен қатар мемлекеттік және жеке секторда жауапты лауазымдарда еңбек еткен.

Еске салайық, 2024 жылы Шерзат Полаттың өліміне байланысты болған резонанстан кейін Талғар қаласының әкімі қызметінен кетіп, оның орнына Арыстанбек Әбілқайырұлы сайланды.

1 жыл 2 айдан кейін ол қызметінен кетті. Арыстанбек Әбілқайырұлы денсаулығыма байланысты лауазымынан кету туралы шешім қабылдағанын айтты.

 

Соңғы жаңалықтар