Талғар колледжінің оқытушылары мен студенттері Мәжіліске келді
АСТАНА. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Парламент Мәжілісіне Талғар қаласындағы Мәсімхан Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінің үш оқытушысы мен 17 студенті келді.
Олар Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаевамен жүздесті. Сондай-ақ ол кездесуге Мәжіліс депутаттары Нұрлан Өнербаев пен Людмила Хочиева қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комитет төрайымы Д.Нөкетаева жастарға еліміздің бүгінгі саяси-экономикалық жағдайы, Мәжіліс депутаттарының заң шығару қызметі және «Нұр Отан» ХДП-ның жүргізіп отырған саясаты, осы партияның парламенттік фракциясының заң шығарудағы ықпалы туралы әңгімелеп берді.
Аталған оқу орнының шәкірттері Елорда мерекесі қарсаңында Астанаға арнайы сапармен келген. «Астана - арман қала - 2009» байқауы аясында бірнеше өнер түрлері бойынша қатысады. Бұл сапарды Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Найла Үмбетова ұйымдастырып, оның ойдағыдай өтуіне барлық мүмкіндікті жасаған. Экономика пәнінің оқытушысы Ермек Нұрымов жас шәкірттерге ақыл-кеңес бергеніне және осындай кездесуді өткізіп отырған парламентшілердің қызметіне табыс тіледі.
Бұл оқу орнының өздері сайлап алған үкімет басшысы, министрлері бар екен. Колледждің премьер-министрі Замира Қалымбетова биыл 90 жылдығы аталып өткелі тұрған оқу орнының жетістіктері туралы айтып берді. «Өзіміздің сүйікті қаламыз Талғарды мақтан тұтамыз. Осы сапарымызда Астанамыз туралы мол мағлұмат алып қайтпақшымыз. Алған әсеріміз өте көп»,- деп қуанышын жеткізді. Ал студент Жәмила Сембекова қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде сөйлеп, өзінің білім деңгейін көтеруге, ертеңгі күні елімізге адал қызмет ететін маман болып шығуы үшін талпыныс жасайтынын мәлім етті.
Өзге де сөз алған студенттер ауыл шаруашылығын жаңа заман талабы бойынша озық технологиялардың күшімен дамытуды мақсат тұтатынын, елдің болашағы жастарды да толғандыратынын жайып салды.
Д.Нөкетаева жастардың ақ жарқын пейіліне ризашылығын білдіріп, «Талаптыға нұр жауар» дегендей, елдің болашағы болатын осындай жастарға үлкен сенім артатынын жеткізді.
Талғардан келген жастар Мәжіліс үйін аралап көрді. Қос Палатаның бірлескен отырыс залында және Мәжілістің жалпы отырыс залында фотосуреттерге түсті.