Талғарда өсімдіктер үшін дәрі-дәрмек өндіретін зауыт салынады

ТАЛҒАР. ҚазАқпарат - 2019 жылы Алматы облысында «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының қолдауымен өсімдіктерді қорғайтын дәрілік заттарды өндіретін зауыт салынады, деп хабарлады ҚР Индустрия және даму министрлігінің баспасөз қызметінен.

Талғарда өсімдіктер үшін дәрі-дәрмек өндіретін зауыт салынады

Шетелдік инвестор - «Агробэст Груп» түрік холдингі Қазақстанда гербицидтер, инсектицидтер, фунгицидтер, дәндерді улағыштар мен глифосатты шығаруға 30 млн АҚШ долларын бөледі.

«Kazakh Invest» осы жобаны жүзеге асыру үшін қажетті барлық рұқсаттар мен мемлекеттік қолдау шараларын ұйымдастырады. Осыған орай, «Kazakh Invest» өңірлік өкілдігінің қолдауымен Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан «Қайрат» индустриалды аймағында осы жобаны іске асыруға жер телімі таңдалды.

Жобалау жұмыстарына инвестор таяу арада кірісуді жоспарлап отыр. Зауыттың құрылысы ағымдағы жылдың аяғында басталып, 2019 жылы аяқталады.

Өнімнің 60% пайыздан астамы ішкі нарықты қамтып, қалған бөлігі Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерге экспортталмақ.

Салынып жатқан зауыттың жалпы қуаты жылына 12 мың тоннаға дейін пестицидтердің өндірісін құрайтын болады. Аймақта шамамен 200 жұмыс орны құрылады.

 «АгроБест Груп» түрік компаниясының негізі 2002 жылы қаланды және ол пестицидтердің әлемдік нарығының маңызды қатысушысы болып табылады. Өндірістің жылдық көлемі - 35000 тонна пестицид, өнім ISO талаптарына сәйкес шығарылады.