Талғардағы кісі өлтіру мен бала ұрлау ісі: сот жабық режимде өтеді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының Қызылқайрат ауылында адам өлтіру және кәмелетке толмаған қызды ұрлау ісі бойынша алдын ала сот отырысы Қаскелең қаласында басталды.

Талғардағы кісі өлтіру мен бала ұрлау ісі: сот жабық режимде өтеді
Фото: Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты

Отырыс Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудандық сотында өтіп жатыр. Сот процессінде төрағалық етуші судья болып Асқарбек Бейімбетов тағайындалды.

Алдын ала тыңдау барысында айыпталушылардың адвокаттары істі жабық режимде қарауды талап етті. Ал жәбірленуші тарап керісінше процесті ашық өткізуді сұрады.

Тараптардың уәждерін тыңдаған судья отырыстың жабық режимде өтетінін хабарлады. Себебі іс материалдарында 120-баптың 1-бөлігі (зорлау) және 147-баптың 5-бөлігі (жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және ҚР-ның онлайн-платформалардағы дербес деректер туралы заңнамасын бұзу) бойынша айыптаулар қаралады.

Айыпталушылар орындығында үш адам отыр, олардың екеуі — кәмелетке толмағандар. Негізгі күдікті Еламан Айғазиновқа кісі өлтіру, зорлау, адам ұрлау және қару сақтау сияқты 12 бап бойынша айып тағылып отыр. Ал екі кәмелетке толмаған жасөспірімге «Адамды топ болып өлтіру» және «Кәмелетке толмағанды қатыстыру арқылы адам ұрлау» баптары бойынша айып тағылған.

Еске салайық, Талғарда 2025 жылғы 6 қыркүйекте жантүршігерлік қылмыс болды: бейтаныс адам ер кісіні атып, кішкентай қызды алып қашып кеткен еді. 

Тергеу мәліметінше, күдікті мен кішкентай қыздың анасы бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал шығып, ер адам әйелдің ағасын мылтықпен атып тастаған. Ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмған.

Кейін полицияның арнайы жасағы қызды босатып, күдіктіні ұстады. 

Артынша жарақат алған кішкентай қызға ота жасалды. 

Бұл оқиға бойынша полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігіне байланысты іс қозғалды. 

Ал 2025 жылғы 13 қазанда кісі өлтіру мен бала ұрлау ісі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды. 

2025 жылғы 17 қарашада іс сотқа жолданды. 

Соңғы жаңалықтар