Талғарлықтар қаладағы жалғыз стадионды жекеменшікке беруге қарсы
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Талғар тұрғындары қаладағы жалғыз қолжетімді «Жастар» стадионын жеке тұлғаларға беруге қарсы екендерін білдіріп бейнеүндеу жасады.Бейнеүндеуде талғарлықтар Алматы облысының әкіміне қалада орналасқан «Жастар» стадионын жөндеп беруді талап етіп және оның жеке тұлғаларға өтіп кетуіне қарсы екендерін жеткізді.

Бұған дейін қалада екі жиын өтіп, талғарлықтар спорт нысанының бір бөлігіне жабық кешен салып, екінші бөлігін шағын футбол алаңына айналдыруды жоспарлап отырған жеке инвесторларға беруге қарсылық білдірген болатын. Осылайша, Талғар жергілікті тұрғындарға үлкен футбол ойнауға арналған жалғыз стадионнан айырылуы мүмкін.
— Енді жергілікті билік бұл мәселені тұрғындармен талқыламай, бүгін, 5 мамырда әкімдік ғимаратында қоғамдық кеңес отырыс өткізуді ұйғарыпты. Бұл мүлікке әлдекімнің көзі түскен сияқты, — делінген жазбада.
Осы жағдайға байланысты Kazinform редакциясы Алматы облысының әкімдігіне сауалхат жолдады, ізірге жауап алмадық.
Осыған дейін мәнерлеп сырғанаудан әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Алматы тумасы Михаил Шайдоров бірнеше сұхбатында еліміздің оңтүстік астанасында жарыстарға дайындық үшін тиісті жағдай жоқ екенін айтқан болатын.