Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековті іздеу жұмысын тоқтатпаймыз – Бас прокуратура

ЛРТ
Фото: Kazinform/Arnapress.kz

Бас прокуратура және басқа да құзырлы органдар Astana LRT ісі бойынша айыпталып, қашып жүрген Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековті халықаралық деңгейде іздеу жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Ішкі істер министрлігі, Интерполдың ұлттық орталық бюросы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шет мемлекеттердің құзырлы органдарымен бірлесіп, Т. Ардан мен Қ. Сұлтанбековті іздеу жұмысын жалғастырып жатыр. 2020 жылы Қ. Сұлтанбековтің АҚШ аумағында жүргені туралы мəлімет келді. Сол жылы Бас прокуратура АҚШ-тың әділет департаментіне Қ. Сұлтанбековті ұстап беру туралы өтініш жолдады» делінген Kazinform агенттігі жолдаған ресми сауалға берілген жауапта.

Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, Талғат Арданның да қай елде жүргені шамамен белгілі.

«Талғат Ардан Түркия аумағында болуы мүмкін деген мəлімет түсті. 2019 жылы Бас прокуратура Т. Арданды ұстап беру туралы Түркияның әділет министрлігіне өтініш жолданды. Түрік тарапының ақпаратына сəйкес Т. Арданның нақты жүрген жері анықталмаған. Талғат Арданды Қазақстанға экстрадициялау мəселесі оның жүрген жері анықталған жағдайда Түркияның құзыретті органдары Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты шартқа жəне Түркияның ұлттық заңнамасына сəйкес шешеді. Талғат Арданды іздестіру шаралары жалғасып жатыр», — дейді ведомстводан.

Жалпы iздеуде жүрген адамға Қазақстан аумағында ұсталған жəне шет мемлекет тауып берген жағдайда ғана халықаралық іздеу тоқтатылады.

«Осы орайда Т.Ардан мен Қ. Сұлтанбековке жарияланған іздеудің күші жойылмайды», — деген жауап алдық Бас прокуратурадан.

Еске сала кетейік, Астана қалалық қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты биыл 3 мамырда Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековті бөтен мүлiктi талан-таражға салғаны үшін айыпты деп танып, екеуіне де 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді.

2019 жылы Мемлекет басшысы LRT құрылысына қатысты істі тергеуді жеделдетуді тапсырды.

2020 жылдың қаңтарында LRT-ға қатысты тергеу шаралары аяқталды. Сол жылы қазанда іс сотқа жолданды.

Айта кетсек, 2022 қаңтарда Бас прокуратура LRT ісіндегі негізгі күдіктілерді тергеуге шақырту туралы ақпар жариялаған еді.

Одан бөлек Astana LRT ісі бойынша Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековтің қайда жүргені туралы ақпарат бары хабарланды.

Соңғы жаңалықтар