Талғат Ермегияев ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы болып тағайындалды
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы лауазымына Талғат Ермегияев тағайындалды.
Бұл туралы ол бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында мәлім етті.
Агенттіктің барлық жұмысы Елбасы алға қойған спорттық жетістіктерге, нәтижелерге қол жеткізуге бағытталатынын атап өткен ол, «бүгіннен бастап агенттік төрағасы қызметін атқарамын»,-деді.
Т. Ермегияевтың атап өтуінше, қазіргі уақытта ведомство Лондон олимпиадасына дайындықты жан-жақты жүргізуде. Бұл ретте агенттік Бейжің олимпиадасынан да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті. Спортшылардың дайындығы өте жоғары. Материалдық-техникалық база нығайтылған.
«Менің ойымша, медальдар саны, спорттық нәтижелер бойынша үздік өнер көрсетеміз. Мәселен, Бейжіңде жалпы командалық есепте 29 орында болсақ, Лондонда 28 орында боламыз деп ойлаймын. Бұдан да жақсы нәтижеге үміттіміз», - деді Т. Ермегияев.