Талғат Қалиев алдағы сайлау жайлы: Жаңғыру жолымен келе жатырмыз
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС директоры Талғат Қалиев алдағы Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бәріміз де жаңғыру жолымен келе жатырмыз. Бұл тұрғыда Беларусь пен Қырғыз Республикасындағы оқиғалар жарқын мысал бола алады. Әсіресе Қырғыз Республикасында қанша төңкеріс болғанын ұмытып та қалдық. Осы ретте ондағы өзгерістердің оң нәтиже бере қоймайтыны да байқалды. Біз жаңа саяси дәстүрді қалыптастырып жатырмыз. Егер оны орайлы ұстана білсек, ұзақмерзімді саяси дәстүрдің негізін қалауға болады. Бұл өзгерістерге біреудің көңілі толмауы мүмкін, біреуі қарқынына сын айтуы ықтимал. Бірақ тіпті бір адамның тағдыры турасында да жеңіл оймен шешім қабылдамау керек», - деді Талғат Қалиев елордада өткен «Сайлау-2021: саяси модернизацияның жаңа кезеңі» атты сарапшылық кездесуде.
Оның айтуынша, елімізде қазіргі таңда партиялық алаңның эволюциясын айқын байқауға болады.
«Бұрын біздегі партиялардың бәрі де көшбасшылар партиясы болатын. Шынтуайтында партия көшбасшылары өзара бәсекелесіп, Тұңғыш Президент басымдыққа ие болып келді. Ал қазір Nur Otan басқалармен тең жағдайда қалды, себебі Тұңғыш Президент те, қазіргі Президент те үгіт жұмыстарын жүргізіп жатқан жоқ», - деді ол.