Талғат Қалиев Ауғанстан мәселесіне қатысты БҰҰ отырысына қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылғы 1-2 мамыр аралығында Доха қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысы Антониу Гутерриш БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерімен кездеседі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талғат Қалиев Ауғанстан мәселесіне қатысты БҰҰ отырысына қатысады

«Аталған кездесудің мақсаты – Ауғанстандағы ахуал бойынша ортақ мақсаттар төңірегінде халықаралық өзара іс-қимылды жандандыру. Қазақстан Республикасы атынан бұл іс-шараға ҚР Президентінің Ауғанстан бойынша Арнайы өкілі – Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев қатысады», - деді А. Смадияров елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылғы 26-27 сәуірде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Сиань қаласында өтетін «Орталық Азия –Қытай» диалогтық форматтағы Сыртқы істер министрлерінің 4-ші кеңесіне қатысады.

Сонымен қатар осы аптада Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Иран Ислам Республикасына сапары өтеді.