Талғат Мұсабаев авиациялық бақылау саласына өзгерістер ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Талғат Мұсабаев Қазақстандағы азаматтық авиация саласындағы қауіпсіздік мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Талғат Мұсабаев авиациялық бақылау саласына өзгерістер ұсынды

«Қазіргі уақытта еліміздің авиациясының азаматтық және басқа түрлерінде алаңдайтын жағдай қалыптасып отыр. Бұған дәлел ретінде соңғы кездерде адамдар құрбан болған апаттарды айтуға болады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, әуе сапарлары қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сертификаттау мен қадағалау секілді негізгі мемлекеттік қызметтер бір ведомствода шоғырланбауы тиіс екендігін көрсетіп отыр. Себебі қабылданған шаралар мен шешімдердің объективтілігі ескерілмейді, соның салдарынан әуе сапарларының қауіпсіздігі төмендейді. Азаматтық авиация саласына тоқталсақ, Қазақстанда аталған қызмет ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетіне тиесілі. Осы арқылы тек бір ғана орган салада өзі сертификаттайды, кейіннен дәл өзінің жұмысына қадағалау жүргізеді»,-деп атап өтті Т. Мұсабаев депутаттық сауалында.

Бұл тұрғыда депутаттың сөзіне қарағанда,  бақылау мен тексеру қызметтерін тергеу шараларымен біріктіріп, әуе сапарларының қауіпсіздігін бақылау және авиациялық оқиғаларды тергеудің жеке мемлекеттік органын құру керек.

 «Әлемдік тәжірибеге қарасақ, сертификаттау қызметтерін бақылау мен қадағалаудан ажырату керек. Бұл өз кезегінде қабылданатын шешімдердің объективтілігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ әуе сапарларының қауіпсіздігін арттыруда өзге де оңтайлы қадамдарға жол ашады»,-деді  Т. Мұсабаев.