Тәлібтер Ауғанстандағы сот ғимаратына шабуыл жасады - 6 адам қаза болды, 70 адам жараланған

ӘБУ-ДАБИ. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Араб БАҚ хабарламалары бойынша «Талибан» қозғалысының содырлары Ауғанстанның Фарах провинциясындағы сот ғимаратына баса-көктеп кіріп, атыс шығарды, соның салдарынан кем дегенде алты адам қаза болып, 70 адам жарақат алды.

Тәлібтер Ауғанстандағы сот ғимаратына шабуыл жасады - 6 адам қаза болды, 70 адам жараланған

Фарах провинциясы билік өкілдерінің хабарлауынша, жергілікті уақыт бойынша таңертең сағат сегіздер шамасында бес шабуыл жасаушы екі әскери машинамен сот ғимаратының алдына келіп тоқтаған. Сонымен бірге, автомобильдердің бірі қақпаның жанында бірден жарылған, онда екі содыр қаза болып, қалған үш қылмыскер сот ғимаратына кіріп, атыс шығарды.

Жергілікті қауіпсіздік күштері екі содырдың көзін жойған, тірі қалған жалғыз шабуылшы ғимаратта қарулы қарсылықты жалғастыруда.

«Олардың бірі әлі қарсыласуда, ол қауіпсіздік күштерінің бес қызметкерін жаралады», - деп жеткізді Фарах полициясының басшысы Агха Нур Кентос.

Жергілікті аурухана дәрігері Вакиль Ахмад таңертеңнен бері ауруханаға 50-ден астам адам түсті деп хабарлады, олардың ішінде азаматтық тұлғалар, әскерилер, сондай-ақ екі судья да бар.

Ауған үкіметіне қарсы күресіп жатқан «Талибан» қозғалысы дереу қанды шабуылға өз қатыстылығы жөнінде хабарлады. «Талибан» сайтында: «Біздің жауынгерлеріміз алдын ала жоспарланған тәсіліне сәйкес, Фарах провинциясының бірнеше үкіметтік ғимараттарына шабуыл жасады. Олар шабуылды ату қаруын және граната қолданумен жүргізді» деген ақпарат орналастырылған.

Фарах провинциясы Ауғанстанның батысында Иранмен шекарада орналасқан, Герат және Гильменд провинцияларымен көршілес тұр.