Тәлім темірқазығы: үйдегі тәрбиеге түздегі әкенің үлесі бар ма

АСТАНА. KAZINFORM – Маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде әкелер күні атап өтіледі. Мереке қарсаңында түрлі мәдени-спорттық шаралар, әлеуметтік жобалар жүзеге асатын дәстүр бар. Өскелең ұрпаққа әкелер институтының маңызын ұғындыратын жиын қатары да көбейеді. Осы орайда Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы отбасыдағы әкенің сипатына үңіліп, қоғамның бүгінгі көзқарасын талдады.

әке мен бала
Фото: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

Әкелер күні не үшін керек?

Қазір бала тәрбиесі қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік тақырыптың біріне айналып отыр. Ажырасу деңгейі, ата-аналардың жұмысбастылығы, материалдық жағдай ахуалды одан әрі қиындатқан. Мысалы, жылына орта есеппен 150 мың неке қиылады десек, ажырасу деңгейі 60 пайызға жетеді. Салдарынан балалар әкесінің немесе анасының тәрбиесін толық ала алмай өсіп келеді. Тіпті ата-аналардың кейбірі таңнан кешке дейін нәпақа табамын деп перзентінің тәрбиесінен қалыс қалған жайт көп. Сол себепті мемлекет 2023 жылы әкелер күнін белгілеу арқылы бала тәрбиесін ілгерілетуге қадам жасады.

«Әкелер одағы» қауымдастығының төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбеттің айтуынша, әкелер күнін атап өту отбасындағы жауапкершілікті арттырады.

– Мектептегі ата-аналар жиналысына әкелері келмейді, анасы барады. Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас сетінеді. Өкініштісі, ер адамдар отбасындағы бала тәрбиесін әйелінің жауапкершілігіне жүктеп қойған. Отбасының аманаты ерлі-зайыптыға теңдей бөлінген. Бала тәрбиелеу ісіндегі жауапкершілікті де тең арқалауға тиістіміз.Әке институтын қалыптастырып, нығайтамыз десек, отағасы өзінің жауапкершілігін терең сезініп, ауыртпалықты арқалай білуі керек, – дейді қауымдастық төрағасы.

Мақсұтбек Айтмағанбет
Фото: Мақсұтбек Айтмағанбеттің жеке мұрағатынан

Мақсұтбек Айтмағанбет әкелердің жауапкершілігі қоғамдық санаға тәуелді деп санайды. Ал қоғамдық сананы өзгерту үшін кешенді идеологиялық-құқықтық әрекет қажет. Осы мақсатта билік ата-ана жауапкершілігі, алимент төлеу тәртібі, тұрмыстық зорлық-зомбырылыққа қарсы шараларды заң жүзінде бекітті. Соның ішінде жаңа Ата заңда отбасы және неке мәселесінің конституциялық деңгейге шығарылуы – осы бағыттағы маңызды қадамның бірі.

Қоғам пікірі

Нәтиже әзірден байқалады. Кейінгі жылдары әкелердің жауапкершілігі, отбасы құндылығына қатысты көзқарасы біршама өзгерген. Осы аптада Қазақстандық қоғамдық даму институты әлеуметтік сауалнаманың қорытындысын жариялаған болатын. Зерттеуге сүйенсек, елдегі әкелердің 88,7%-ы ата-ана болуды өзінің басты басымдығы деп санаса, 57,2%-ы өміріндегі ең маңызды құндылық ретінде атапты.

в
Фото: Қазақстандық қоғамдық даму институты

Ер азаматтардың «отбасы» ұғымы турасындағы түсінігі де кемелдене түскендей. Сауалнамаға қатысқандардың 44,5%-ы отбасының басты мәні ұрпақ жалғастыру деп есептейтінін көруге болады. Сонымен қатар ерлердің 41,5%-ы отбасыны бақыт пен махаббаттың қайнары ретінде бағаласа, 37,3%-ы оны өмірдің мәнімен байланыстырыпты.

Жалпы кейінгі деректерден ер азаматтардың отбасы құру мәселесіне жауапкершілікпен қарайтынын аңғару қиын емес. Мәселен, ерлердің 67,2%-ы баланы алдын ала жоспарлауды құп көреді. яғни ерлер арасында саналы ата-ана болу мәдениеті қалыптасуда.

Әкелердің бала тәрбиесіне араласуға кедергі келтіретін фактор бірі - жұмысбастылық. Қазақстандық ерлердің 60,4%-ы осы себепке байланысты отбасына жеткілікті уақыт бөле алмайтынын ашық мойындап отыр.

Отбасы психологі Ержан Мырзабаев әкелер күнін мерекелеу осы ата-ана болу мәдениетін дамытады деген пікірде.

Ержан Мырзабаев
Фото: Ержан Мырзабаевтың жеке мұрағатынан

– Әкелер күнін мерекелеу арқылы біз қоғамда әке рөлін дәріптейміз, әкенің жауапкершілігін арттырамыз. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында ер азаматтарға, әкелерге байланысты көптеген жағымсыз жаңалықтар жиі жарияланады. Соған қарсы қоғамға пайдасын тигізіп жүрген, отбасына жауапкершілікпен қарайтын, әкелік міндетін ең жоғары деңгейде атқарып жатқан әкелер де бар екенін көрсету, дәріптеу өте маңызды, – дейді психолог.

Кейінгі уақытта балаға ерекше көңіл бөлетін әкелердің қатары артқаны рас. Көше немесе қоғамдық орынға бара қалсаңыз, балаларымен серуендеп жүрген, бала арбасын сүйреп жүрген әкелерді жиі көреміз. Әлеуметтанушылар мұндай жағымды үрдіс әкелердің қоғамдағы рөліне ғана емес, баланың болашағына да әсер етеді деген ұстанымда. Өйткені үнемі әкесінің назарында өскен бала жанұяның қадірін түсініп, ер адамның жауапкершілігін ерте ұғынады.

әке
Инфографика: Kazinform

 

Әкелер де бала күтіміне көмектеседі

Бұрын бала тәрбиесіндегі негізгі жауапкершілік көбіне анаға жүктеліп, әкенің рөлі отбасының материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен шектелетін. Бүгінде бұл түсінік өзгеріп келеді. Қазіргі әкелер балаларымен көбірек уақыт өткізіп, олардың тәрбиесі мен дамуына белсенді араласуда. Оған қоса жұбайының орнына декреттік демалысқа шығатын ерлердің де қатары артып келеді.

Заң ғылымдарының кандидаты, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері Дидар Тебаев – декреттік демалысқа шыққан әкелердің бірі. Ол зайыбымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Қызы мектепте оқиды, ал ұлы – бір жарым жаста.

– Отбасы – шағын мемлекет. Мұнда бір-біріңді қолдап, ұрпақ тәрбиесіне ортақ жауапкершілікпен қарау қажет. Жұбайыма көмектесу үшін декреттік демалысқа шықтым. Алғашында қиын болғанымен, уақыт өте бәріне үйрендім. Біз болашақ елдің азаматын тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан мұнда ұялатын ештеңе жоқ. Алдағы уақытта қоғамда мұндай қадамға баратын әкелер көбейеді деп сенемін. Бұл – заман талабы, – дейді Дидар Тебаев.

Дидар Тебаев
Фото Дидар Тебаевтың жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, әкенің рөлі отбасын материалдық қамтамасыз етумен шектелмеуі керек. Әсіресе баланың алғашқы жылдарында ата-ананың қамқорлығы мен назары ерекше маңызды.

– Қазір балалар гаджетке тәуелді болып барады. Сондықтан баламмен көбірек уақыт өткізуге, бірге ойнауға, түрлі дамыту шараларына қатыстыруға тырысамын. Декреттік демалыс маған көп нәрсені үйретті. Ең бастысы – әкенің бала өміріндегі орнын терең түсіндім. Қазір ажырасу көбейіп барады. Ал отбасы сенімнің, қорғаныштың және түсіністіктің ордасы болуы тиіс, – дейді ол.

Дидар Тебаев отбасы құндылықтарын нығайту мемлекеттік саясатта да маңызды орын алатынын атап өтті. Оның пікірінше, жаңа Конституцияда отбасы мен бала құқықтарын қорғауға қатысты нормалардың күшейтілуі соның айқын дәлелі.

Бір мысал, бірнеше ай бұрын Сенат Еңбек кодексіне енетін біршама өзгерісті мақұлдады. Соның арасында зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде жұмыс істемейтін әкенің балаға күтім жасаған уақытын еңбек өтіліне есептеу ұсынысы қолдау тапты.

Мемлекеттік саясат

Қазір мемлекеттің отбасылық және гендерлік саясатында оң өзгеріс орын алып жатқанын айта кету маңызды. Әсіресе әке рөлін күшейту арқылы бала тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын нығайту ісі жанданып келеді.

Мысалы, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында әке институтын дамытуға басымдық берілген. Осы мақсатта жыл сайын 7 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, оған 600 мыңнан астам адам қатысады деген жоспар бар. Бұл Үкімет ер азаматтардың, әсіресе әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін жандандыруға ниетті екенінің белгісі.

әке
Инфографика: Kazinform

Оған қоса мектептерде 500-ден астам «Әкелер кеңесі» жұмыс істейді, ал балабақшалар жанынан әкелер клубтары құрылған. Бұл құрылымдар әкелердің бала тәрбиесіне араласуына жол ашып, отбасы мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етіп отыр. Аз уақыттың ішінде мұндай бастамалар ата-аналардың жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігіне айналып үлгерді.

Үкіметтік емес ұйымдар да осы мақсатта орасан жұмыс атқарып отырғанын айта кетуіміз керек. Жоғарыда атаған «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі әкелер күнін енгізуге мұрындық болған ұйымның қатарында.

Жетекші ұйым қоғамдағы әке рөлін нығайтуды жалғастырып келеді. Қоғамдық бірлестіктің «Аламан» әкелер футбол лигасы, «Әкелер апталығы», «Ерекше балалардың ерекше әкелері», «Жалғызбасты әкелерді қолдау» жобалары сәтті нәиже көрсетіп келеді. Бұған қоса ұйымның «Саналы әке» тренингтері, «Бала Толағай» жарыстары және зорлық-зомбылыққа қарсы Орталық Азия семинарына қатысушы әкелер көбейген.

Қорыта айтсақ, қазақстандық әкелер бала тәрбиесіне белсенді араласып, отбасылық құндылықты сақтауға, ұрпақ тәрбиесін дәріптеуге үлес қосып отыр. Бұл үрдіс қоғамның дамуына, өскелең ұрпақтың жан-жақты қалыптасуына оң әсер ететіні анық.