Тәлімбақты утильалым қаражаты есебінен салу мәселесі пысықталып жатыр — Нысанбаев

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің өңірлерінде тәлімбақтарды утильалым қаражаты есебінен салу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

 Ерлан Нысанбаев
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Абай облысында ірі орман өртінің салдарын жою бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталып өтсем. Қазіргі таңда өртеңдерді игеруді резерваттың 33 және басқа орман пайдаланушылардың 5 бригадасы жүргізіп жатыр. Олардың бірінде харвестер типті өнімділігі жоғары екі кешен бар. Осы жылы лизинг есебінен резерватқа 5 харвестер және 7 ағаш таситын машина сатып алу жоспарланып отыр. Жұмыстар басталғалы бері 39,7 мың текше метр сүрек дайындалды», — деді министр.

Оның айтуынша, өртенген аумақтардағы ормандарды қалпына келтіру және орман дақылдарының жерсіну деңгейін арттыру мақсатында «Семей орманы» резерватында жабық тамырмен өсіретін тәлімбақты кеңейту көзделіп отыр.

«Орман алаңын арттыру еліміздің экологиялық жағдайына қолайлы ықпал ететінін ескере отырып басқа өңірлерде де осыған ұқсас тәлімбақтарды утильалым қаражаты есебінен салу пысықталып жатыр», — деді Ерлан Нысанбаев.

Соңғы жаңалықтар