Тамақты тауысып жемесеңіз, айыппұл төлейсіз
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясының Дамам қаласында орналасқан мейрамханалардың бірі тамақты тауыспаған меймандар үшін айыппұл тағайындап отыр, деп хабарлайды шетелдік БАҚ.
Мейрамхана әкімшілігі тамақ қалдықтарын азайту үшін және азық-түлікке жұмсалатын қаржыны үнемдеу үшін осындай қадамға барып отыр. Marmar мейрамханасының иесі Фахад Әл Анезидің айтуынша, салынатын айыппұл көлемі табақта қалған тамақ қалдығының мөлшеріне байланысты болып келеді.
Мейрамхана иесінің айтуына қарағанда, мекемеге көбінесе қалталы азаматтар келеді. Өздерінің әлеуметтік жағдайларымен мақтанғысы келген олар үлкен тапсырыстар жасайды. Алайда тапсырыс берген тамақтың көбі желінбей қалады. Ал бұндай жағдай үлкен ысырапшылдыққа алып келмек.