Тамара Дүйсенова әйел мен еркек жалақысының теңсіздігіне қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова әйел мен ер-азаматтардың жалақыларының теңсіздігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Жалақы мәселесіне қатысты мынаны атап өткім келеді. Егер Астана, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облысында математикадан сабақ беретін әйел ұстаздарды алып қарайтын болсақ, онда олар бірдей жалақы алады. Себебі олардың білім беру стандарттары біркелкі. Егер тау-кен өндірісі саласында, зиянды өндірісте жұмыс істейтіндердің жалақысы зиянды өндірісте жұмыс істемейтіндерге қарағанда, әрине айырмашылығы бар. Өйткені,  жұмыстары қиын әрі біршама ерекшелігі бар. Осыған орай, жалақыда кемсітушілік бар дейтіндермен келіспеймін. Барлығы жұмыс көлеміне, қиындығына және жағдайға байланысты», - деді министр бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, елімізде әйелдер негізінен қызмет көрсету және әлеуметтік салаларда жұмыс істейді.

«Бізде әйелдердің жұмыс істеуіне тыйым салынған өндірстердің тізімі бар. Еңбек кодексінде де жүкті, 1 жасқа толмаған, 3 жасқа толмаған баласы бар әйелдер үшін өте көп жеңілдіктер қарастырылған. Мұның барлығы да жалақыға әсер етеді», - деді Тамара Дүйсенова.  

Айта кетейік, 7 наурыз күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесу барысында әйелдердің орташа кіріс деңгейі еркектермен салыстырғанда әлі күнге дейін үштен бір мөлшерге төмен екендігін айтқан болатын. «Мұндай жағдайдың орын алуының басты себебінің бірі  Үкімет бекіткен Әйелдер еңбегін қолдануға тыйым салынған жұмыстар тізімі», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар