Тамара Дүйсенова нейрохирургия саласындағы проблемаларды атады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова отандық нейрохирургия саласындағы шешімін таппаған бірнеше мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Отандық нейрохирургия саласына қатысты бірер мәселені көтерейін деген ем. Әрине, саланың бүгінгі жетістігі қуантады, орталық басшысы айтқандай, нейрохирургтар 3-5-ші деңгейдегі қиын оталарды жасап жатыр. Алдымен өлім-жітім көп тіркелетін 5 медицина саласы бойынша ел ішінде профилактикалық жұмысты күшейту маңызды. Оның ішінде нейрохирургия да бар. Екінші мәселе, аудан орталықтары мен елдімекендерде нейрохирургияны дамыту және құрал-жабдықпен қамту. Бұл мәселе тек нейрохирургияға ғана емес, сол сияқты кардиохирургия, онкологияға да қатысты. Өкінішке қарай, қанша жерден жаңа технология енгізіліп жатса да, кейбір аурулар жасарып келеді»,- деді Тамара Дүйсенова елордада өтіп жатқан нейрохирургтардың V конгресінде.
Одан бөлек, Үкімет басшысының орынбасары кадр мәселесін қозғады.

«Кадр қандай сала үшін де маңызды. Біз мамандардың біліктілігін үнемі арттырып отыруымыз керек. Әсіресе жергілікті жерлерде, яғни аудан мамандарын. Келесі мәселе оңалту жұмыстары. Отадан кейін пациент оңалту шарасынан өтеді. Ірі қалалар мен облыс орталықтарында бұл шаруа жолға қойылған, ал аудандарда назарды қажет етеді», - дейді министр.