Тамара Дүйсенова шетелдік университеттермен әріптестік орнату Қазақстанға не беретінін айтты

АСТАНА. КАЗИНФОРМ – Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Астанада өтіп жатқан «Conneсted-2024» халықаралық конференциясында бірақат шетелдік университетпен әріптестіктен мемлекет не күтіп отырғанын айтты. 

конференция учителей, Тамара Дуйсенова
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізге шетел оқу орындарын тарту ісі жүргізілуде. Қазірдің өзінде 23 шетелдік университет әртүрлі форматта жұмысын бастап кетті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, стратегиялық әріптестерімізге Үкіметтің атынан ерекше алғысымды білдіремін», - деп бастады ол.

Вице-премьер аталған әріптестіктің үш негізгі мақсаты бар екенін атады.

«Біріншісі – халықаралық стандарттарға сай оқу бағдарламасын меңгерген, еңбек нарығы сұранысына ие жоғары білікті кадрларды дайындау;
Екінші – оқу бағдарламалары мен оқыту технологияларының озық үлгілерін трансферттеу;
Үшінші – ғылым және инновацияларды дамыту.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Өзара тиімді жұмыс істеп, алдымызға қойған мақсатымызға бірге жетеміз деп санаймын», - деді Тамара Дүйсенова.

Айта кетейік, елордада әлемнің 60 елінен халықаралық деңгейдегі 300 сарапшының қатысуымен ғылым-білім, инновация, цифрландыру және экология мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтіп жатыр.