Тамара Дүйсенова: Жұмыстан шығарылғандарға өтемақы төленеді
«Кез келген кәсіпорын жұмысшыларды тартқанда жұмыстың нақты көлемін белгілейді.
«Әбу-Даби Плазада» төрт компания (қосалқы мердігер - авт.) үшін тура сондай жұмыстың көлемі белгіленген болатын. Ол жұмыс аяқталды. Келісімшартты рәсімдегенде нақты уақыт та көрсетілген еді. Компания басшылары жұмыс көлемінің азайып жатқанын да ескерттік дейді. Еңбек заңнамасында ондай талаптар бар», - деді Т. Дүйсенова бүгін Үкіметте журналистерге берген сұxбатында.
Министрдің айтуынша, еңбек инспекциясы құрылыс нысанына барып, жұмыс беруші компания басшыларымен кездесті.
«Біріншіден, барлығына жұмыс көлемінің азайып жатқаны туралы нақты ескерту қағазы қолға беріледі. Екіншіден, 62 адамға бір айлық өтемақы төленетін болады. Неге бір айлық өтемақы? Еңбек заңнамасы бойынша кәсіпорынның экономикалық жағдайы күрт нашарлап, жұмысшылар жаппай босатылса, екі айлық өтемақы төленеді. Ал жұмыс көлемінің азаюы болса, онда бір айлық өтемақы беріледі», - деді Т.Дүйсенова.