Тамаша жеңіске жеткен екі қазақстандық боксшы WBC рейтингіне енді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) барлық салмақ санатындағы боксшылардың жаңа рейтингін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Оған сәйкес, бірінші ауыр салмақта 29-орында тұрған Иса Ақбербаев рейтингтен шығып қалды.
Жартылай ауыр салмақта жастар арасындағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Әли Ахмедов үш саты төмен сырғып, 18-орынға орналасты.
Орта салмақ өкілі Геннадий Головкин бірінші орында тұр, ал Мейірім Нұрсұлтанов 36-орыннан 32-орынға көтерілді. Бұдан тыс, америкалық Стивен Мартинесті нокаутқа жіберген Жәнібек Әлімханұлы рейтингке алғаш рет енгізіліп, 33-орынға тұрақтады.
Бірінші орта салмақтағы ТОП-40 тізіміне де қазақстандық спортшы жаңадан енгізілді. Ол - жастар арасында WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған Садриддин Ахмедов. Төртінші раундта мексикалық Абрахам Хуаресті нокаутқа жіберген 21 жастағы «Қазақ солдаты» 28-орыннан бір-ақ көрінді. Осы тізімнің 40-сатысында WBC Asia белдігінің иесі Нұрсұлтан Жаңабаев тұр.
Бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін Батыр Жүкембаев та бір саты жоғарылап, 24-орынға шықты.