Тамыз айынан бастап жекеменшік орталықтар техникалық бақылауды қолға ала бастайды - Көліктік бақылау комитеті

АСТАНА. 21 шілде. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Келесі айдан бастап жеке меншік орталықтар көліктерді техникалық бақылаудан өткізу жұмысымен айналыса бастайды.

Тамыз айынан бастап жекеменшік орталықтар техникалық бақылауды қолға ала бастайды - Көліктік бақылау комитеті

Бұл туралы бүгін журналистерге сұхбат берген ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әсет Асаубаев мәлім етті.

Оның хабарлауынша, ағымдағы жылдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған заңға сәйкес, еліміздегі көліктерді техникалық бақылау қызметі жекеменшік ортаға беріледі. «Бірақ ол заң Үкіметтің тиісті заң актілерінен кейін өз күшіне енетін болады. Осы уақытқа дейін 17 мамырда Министрлер кабинетінің екі қаулысы шыққан еді. Енді, осы құжаттар баспасөз беттерінде жарияланып, 10 күннен кейін күшіне енеді. Егер аталған құжаттар шілде айында жарық көрсе, тамыз айында жекеменшік орталықтар техникалық бақылау жұмыстарын бастаса да болады. Бірақ 2012 жылға дейін жарияланған өтпелі кезеңге сәйкес осы жыл біткенше, техникалық бақылау жұмысымен жол полияция органдары айналыса береді. Ал келесі жылдың басынан бастап бұл қызмет толығымен жекеменшік ортаға тапсырылады», - дейді Ә.Асаубаев.