Тамыз айында 467,8 мың қазақстандық жұмыссыз болды - Статистика
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Республика экономикасында 2012 жылғы тамыздағы жағдай аясында (бағалау бойынша) 8,6 млн. адам жұмыспен қамтылды.
Өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда олардың саны 142,0 мың адамға немесе 1,7 пайызға көбейді.
ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше, жалдамалы қызметкерлердің саны аталған кезеңде 5,8 млн. адамды (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 68,1 пайызды) құрады.
2012 жылғы тамызда жұмыссыздар саны, бағалау бойынша, 467,8 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2012 жылғы тамыз айының соңына 61,5 мың адам («Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысатындар құрамына енгізілген тұлғалардың есебінсіз) ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,7 пайызы деңгейінде болды (2011ж. тамызда - 0,8%).
2012 жылғы тамызда бағалау бойынша жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,3 пайызын құрады.