Тамыз айында «Болашақ» стипендиаттарын жұмыспен қамтуға арналған форум ұйымдастырылады
АСТАНА. Маусымның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылдың тамыз айында «Болашақ» стипендиаттарын жұмыспен қамту жөнінде форум ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін 2010 жылғы Қазақстан Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі стратегия департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрлік өкілінің айтуына қарағанда, «Болашақ» стипендиаттарын жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да жұмысқа орналастыру бөлімі ашылған. Ол бойынша «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алған жастар аталған Орталыққа өздерінің түйіндемелерін жібереді, сосын Орталық еліміздің жұмыс берушілермен келісімшарт арқылы сұраныстарды қанағаттандырады.
«Бұдан бөлек, болашақтықтарды жұмысқа орналастыру шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Былтырғы жылы осы тақырыпта арнайы форум өткізілген еді. Бұл дәстүр енді жалғасын табатын болады. Бұл ретте ағымдағы жылдың тамыз айында да «Болашақ» стипендиаттарын жұмысқа орналастыру жөнінде форум өткізу жоспарлануда», деді А. Абылайхан.