Тамызда елімізде рекордтық мөлшерде жауын жауды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда тамыз айы жаңбырлы болды, жауын-шашын мөлшері бойынша елімізде рекорд тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазгидрометке сілтеме жасай отырып.

Тамызда елімізде рекордтық мөлшерде жауын жауды

Синоптиктердің дерегінше, тамыздың алғашқы онкүндігі мен үшінші онкүндігінің басында антициклонның әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде +34+43°С-қа дейін ыстық болды. Осы күндері республиканың кей өңірлерінде ең жоғары ауа температурасы бойынша рекорд тіркелген.

Мәселен, 2 тамызда астанада ауа температурасы +34,3°С дейін көтеріліп, 2021 жылғы рекорд (+33,2°С) жаңарды, 5 тамызда Ақтауда ауа температурасы +41,5°С-қа жетіп, 2015 жылғы рекордтан (+40,2°С) асты, ал Алматыда +38,5°С болып, осы күнгі рекорд тіркелді. Бұған дейін абсолют жоғарғы температура 2015 жылы +37,1°С болған еді.

Тамызда жауын-шашын мөлшері жөнінен де рекорд орнады. Мәселен, 10 тамыз Қарағандыда бір тәулік ішінде 54 мм жаңбыр жауды. Бір айдағы норма – 29 мм. 11, 12, 13 тамызда Алматы облысының таулы, тау бөктеріндегі аудандарының кей жерлерінде 15-43 мм-ге дейін нөсер жаңбыр жауып өтті (12 тамызда Алматыда 26 мм жаңбыр жауды, норма – 34 мм. 14 тамызда Мыңжылқы метеостанциясында 7 мм-ге дейін қар жауды). Ал 27, 31 тамызда Түркістан облысында 15-24 мм нөсер жаңбыр жауды (27 тамызда Шымкентте 28 мм жауды, бір айдағы норма – 4 мм). Бір ай ішінде жел күшейіп отырды, оның екпіні 15-32 м/с дейін жетті, ал 31 тамызда Достық метеостанциясында (Жетісу облысы) желдің екпіні 45 м/с дейін жетті.

Астанада ең төмен ауа температурасы 14 тамызда тіркеліп, +8,7°С болды. Ал ең жоғары - +35,4°С 23 тамыз күні тіркелді. Бір ай ішінде 27 мм жауын-шашын түсті, айлық норма – 31 мм (норманың 87%-і).