Тамыздың 1-інен бастап «KEGOC» АҚ желілері бойынша электр энергиясын жеткізудің бірыңғай тарифі қолданысқа енеді

Бұл ақпаратты аталған компанияның баспасөз қызметі таратып отыр.
Компания ақпаратына сәйкес, электр энергиясын жеткізудің бірыңғай тарифі бұрын қолданыста болған, яғни жеткізілген электр энергиясының киловатт-сағатына төленетін 0,762 теңгеден 1,216 теңгеге дейінгі 8 аймақтық тарифтің орнына енгізіліп отыр. Бірыңғай тарифті енгізу тарифті қалыптастыру мен баға белгілеу тетігінің айқындығын арттыруға, 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес өңірлік даму деңгейінің өсуіне ықпал етеді.
«Бірыңғай тарифке көшу ҚР-ның Халықаралық қайта құру және даму банкі (ХҚДБ) алдындағы электр энергиясын жеткізу тарифінің қашықтыққа тәуелділігін жою жөніндегі міндеттемесін орындауда қорытынды кезең болмақ және ұлттық электр торабының қол жетімділігін, соның ішінде Кедендік одақ шеңберінде электр энергиясын экспорттау-импорттау мен транзиттік операцияларды жүзеге асыратын субъектілердің тең құқын қамтамасыз етпек», делінген баспасөз хабарламасында.
Электр энергиясын жеткізу қызметіне бірыңғай тарифтің енгізілуі мен ақырғы тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасындағы «KEGOC» АҚ үлесін ескере отырып, Алматы, Қостанай облыстары мен Алматы қаласында электр энергиясының бағасы 1-2,5%-ға төмендейді деп күтілуде.