Тамыздың 30-ы күнгі әскери шеруді қазақстандықтардың барлығы on-line режимінде тамашалай алады
АСТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Конституция күнін атап өту аясында Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңында өтетін әскери шеру теледидар мен Алматы қаласы және барлық облыстардың орталық алаңдарына орнатылған мониторлардан тікелей эфир арқылы көрсетілетін болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін Конституция күні мерекесінің маңызы артып, ол жалпыұлттық мейрамға айналды. Тамыздың 30-ы Мемлекет тарихында алғаш рет әскери шерумен атап өтілмек. Мұндай ауқымдағы шара Қазақстанның дүйім жұртында үлкен қызығушылық тудырып отырғандықтан, шеру теледидармен Алматы қаласында және барлық облыстардың орталық алаңдарына орнатылған мониторлардан on-line режимінде көрсетілетін болады.
Әскери шеру аяқталғаннан кейін елорданың мәдени-демалыс орындарында мерекелік концерттер, түрлі байқаулар мен көпшілік серуендері өтетін болады. Оларға тоқталып өтетін болсақ: тамыздың 28-і күні - Ұлттық академиялық кітапханада ақындар мүшәйрасы, 29-ы күні - «Шығыс» орталығында «Мен өз елімнің азаматымын» атты спорттық жекпе-жектен турнир, 30-ында - «Қазақ елі» монументі алаңында әскери шеру және мерекелік сауда-саттық, Бейбітшілік және келісім сарайында салтанатты жиын және мерекелік концерт, қала әкімдігі мен ҚР Қаржы министрлігі алдындағы алаңдарда ауыл шаруашылық және мектеп жәрмеңкелері, сондай-ақ Астаналық саябақ пен Б.Момышұлы саябағының амфитеатрында концерттер өтеді.
Ал тамыздың 31-і күні мереке ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында ұйымдастырылатын «Менің Отаным - Қазақстан» көрмесіне, қыркүйектің 16-сында - жас суретшілердің «Адам және Заң» байқауына (Өнер мектебінде) және «Балдырғандардың шығармашылығы - 2009» көрмесіне (М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы) ұласатын болады.
Конституция күніне беріліп отырған мұндай айрықша маңыз - қазақстандықтардың бір мақсатқа топтасып, бірігуіне септігін тигізіп, жас ұрпақтың бойында өз еліне деген патриоттық және мақтаныш сезімдерді тудырады деген мақсатқа саяды.