Таңбалау жүйесі дәріханалардағы 26 мыңнан астам заңсыз қаптаманы анықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тауарларды міндетті цифрлық таңбалау жүйесі кеңейтіліп жатыр. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, 2024 жылғы 1 шілдеден басталған цифрлық бақылау нәтиже беріп отыр.
— Жүйе арқылы дәріханаларда заңсыз сатылған 26 мыңнан астам тегін дәрілік қаптама анықталды. 31 ұйымға 12 млн 300 мың теңге айыппұл салынды. 43 дәріханаға заң бұзуды жою туралы нұсқама берілді, — деді спикер.
Сонымен қатар ол міндетті таңбалау тізімі 2027-2029 жылдар аралығында кеңейтілетінін хабарлады.
— Таңбалауды 8 тауар тобымен кеңейту кестесі бекітілді. Оған тұрмыстық химия мен косметика, өсімдік майы, кондитерлік өнімдер, олардың жекелеген түрлері кіреді. 2028 жылы балалар ойыншықтары, тез еритін сусындар, антисептиктер, азық-түлік тауарлары, ал 2029 жылы консервіленген өнімдер қосылады. Бұдан бөлек, биылғы қыркүйекте мұнай өнімдерін молекулалық таңбалау бойынша пилоттық жоба басталды. Бұл технология отынға арнайы маркер қосу арқылы оның сапасы мен шығу тегін мобильді анализаторлармен тексеруге мүмкіндік береді, — деді Әсет Нүсіпов.
Вице-министрдің сөзінше, бүгінде таңбалау өндіруші мен сатушыға қойылатын техникалық талап қана емес. Ол заңсыз саудаға тосқауыл қойып, адал бизнес өкілдеріне тең мүмкіндік беретін негізгі құрал.
— Жаңа тізімге халық жиі тұтынатын күнделікті тауарлар енді. Азық-түлік, тұрмыстық химия, косметика, балалар ойыншықтары — бұлар әр отандасымыз күнделікті сатып алатын өнімдер. Қазірдің өзінде тұтынушылар «Нақты өнім» мобильді қосымшасы арқылы тауар кодынан толық ақпарат алады. Жүйе кеңейген сайын бұл мүмкіндік күнделікті сатып алынатын тауарлардың басым бөлігін қамтиды. Осылайша, таңбалау аясын кеңейту азаматтарға тауардың заңдылығын тексеруге, сапалы таңдау жасауға және күмән тудырған өнімдер туралы хабарлауға жол ашады. Бұл тұтынушыларға өз құқығын қорғап, заңсыз айналымға бірге бөгет қоюға мүмкіндік береді, — деді вице-министр.
Айта кетейік, 7 жылда тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 1,3 трлн теңге бөлінді.