17:53, 09 Қараша 2013 | GMT +5
Таңбалы қорық-музейін дамыту жоспарының бірінші кезеңі сәтті жүзеге асуда
АЛМАТЫ. 9 қараша. ҚазАқпарат - Алматы облысы Жамбыл ауданындағы «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіргеніне 2014 жылы 10 жыл толады.

«Қазжаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Ерболат Тоқмағанбетовтың айтуынша, ол қазіргі таңда Жетісу өңірінің Балқаш бассейніндегі барынша зерттелген тарихи-мәдени 50 нысанның бірі болып отыр. Қола дәуірінен қазіргі кезеңге дейінгі 100-ден астам тарихи ескерткіштер орналасқан бұл аймақтың маңызы өте зор. Өкінішке орай әскери сынақ алаңы маңындағы жартастағы суреттердің кейбірі кеңестік дәуірде бүлінген. «Мұнда 2006 жылдан бері «Остов Крым» кәсіпорны жартастағы суреттерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал біздің мекеме 2007 жылдан бері қорық-музей қызметкерлерімен бірлесіп, кешеннің ортаңғы аумағында туристік топтарға қолайлы жүру жолдарын жасап, оны қажетті ақпараттық нұсқаулықтармен қамтып, демалатын арнайы орындықтар орнатуда», - дейді Е. Тоқмағанбетов. Ерболат Еркінұлының сөзіне қарағанда, ондағы жұмыстар 2008 жылы жасалған тұжырымдама бойынша жүзеге асып жатыр. Соның негізіндегі жобаның бірінші кезеңінде ескерткіштерді қалпына келтіріліп, туристер үшін қолайлы жағдай туғызу қажет. Ал екіншісінде жаңа қызметтерді ұйымдастыру көзделіп отыр. Мәселен, орталық аймақтағы жазбалары ең көп 5-топтағы жартастардағы ескі суреттерді қалпына келтірудің қазіргі таңда 80 пайыз жұмысы аяқталды. Жалпы бұл қорық-музей Қазақстанда қазіргі таңда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген 2 нысанның алғашқысы саналады. Ондағы археологиялық және жартастағы жазбалардың зерттеу обьектісіне айналғанына 50 жылдан асқанымен әлі де атқаратын жұмыстар жеткілікті.