Таңдау жасауға, бас тартуға біздің еш қақымыз жоқ – құтқарушымен сұхбат
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Құтқарушы – бұл мамандық қана емес, бұл бірқатар кәсібіне берілген азаматтар үшін кәдімгі өмір сүру салтына айналған. Соның бірі Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны - Нұрболат Айсин. Әлбетте, тәулік бойы күту режимінде жүріп, күнделікті өмірінің көп жағдайында қайта-қайта қауіп-қатермен бетпе-бет келу - екінің бірінің қолынан келмейді. Ал ондай мамандықтың абыройы - адам өмірін өлімнен арашалап қалатын ғажайып іспен өлшенеді. Ондаған адамды ажал апанынан аман алып шыққан мамандық иесімен ҚазАқпарат тілшісі әңгімелескен еді. Айтпақшы, бүгін Қазақстанда Құтқарушы күні!
- Нұрболат, бұл салаға қалай келдіңіз?
- 2015 жылы Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел-құтқару отряды құрылды. Құтқарушы – мәртебелі мамандық, өзіме ұнайды, жігерлі мінез бен күш-қайратты қажет ететін нағыз ер адамдардың жұмысы деп есептеймін, сондықтан бірден осында ауысып, құрылған күннен бастап еңбек етіп келемін. Әр күніміз қауіп-қатер мен тәуекелге толы, ал бұл адамды үнемі жинақы жүруге, кез-келген нәрсеге дайын болуға тәрбиелейді. Әрі қоғамға пайдалы жұмыс, мен үшін мәртебелі мамандық.
- Десе де, жұмысыңызда тыныш өтетін кезекшіліктер бола ма?
- Ия, болады, бірақ, өте сирек. Ондайда шақырту жоқ деп отырмаймыз. Өзіміздің белгіленген күн тәртібіміз бар. Сол бойынша дәрістер өтеді, физикалық жаттығулар жасаймыз. Біз ауысымнан шыққаннан кейін демалуымыз керек, десек те арқаны кеңге сала алмаймыз, үнемі шақыртуға дайындықпен жүруге тиіспіз. Кез-келген уақытта күтпеген жағдай болып, бізді шақырып қалуы мүмкін. Мәселен, өткенде бір адам жоғалды, тәуліктік жұмыстан шыққан бізді дабылмен көтеріп, жиналуға бір сағат уақыт берді. Сүйтіп, қайта жұмысқа да кірісіп кеттік.
- Тұрғындардан көбіне қандай шақыртулар түседі?
Қала бойынша ең көбі абайсызда жабылып, құлыпқа түскен есіктерді ашуға, бұзуға шақыртады. Әртүрлі жағдай болып жатады, мысалы ата-анасы сыртқа шыққанда абайсызда есік жабылып қалып, үйде 3-4 жасар сәби үйде жалғыз қалып қоятын кездер бар. Мұндайда бала өздігінен ішінен есікті аша алмайды, ондайда есікті бұзуға тура келеді. Немесе шатырмен төмен түсіп, пәтерге балкон не терезе арқылы кіреміз, болмаса көршілермен келісіп, солардың пәтері арқылы өтеміз. Кейде жалғызілікті қария көп уақыт бойы үйінен шықпай, есіктерін ашпаса, көршілері алаңдап бізді шақырады. Полициямен әріптестік орнатқанбыз, олар да есікті ашуға көмек сұрап жатады. Кейде қарт адамдар ауырып тұра алмай, оған да шақырып, тасымалдауға көмектесеміз. Жол-көлік оқиғаларына барамыз. Кейде біз жеткенге дейін апатқа түскендер қайтыс болып кетеді. Мен өзім осындай шақыртуға бірнеше рет шықтым, Бескөл маңындағы апатта көлікке қыстырылып қалған адамды аман-есен алып шықтық.

- Шақыртуларда қызықты жағдайлар болып тұра ма?
- Қызықты жағдай емес, орынсыз шақыртулар болады. Мәселен ағашқа мініп кеткен немесе пәтердің шахтасында қыстырылып қалған үй жануарларын құтқаруды сұрап шақыртатындар бар. Біз көңілге қонымсыз болса да барамыз, өйткені таңдау жасауға, бас тартуға құқымыз жоқ. Әрине, жан-жануарларды, жалпы тіршілік иелерін құтқарудан қашқақтағанымыз емес. Тек, оның екінші жағы бар: біз мәселен мысық болсын, ит болсын сондай бір шұңқырдан шығарып, оны иесіне табыстап жүргенде, қаланың бір шетінде шұғыл түрде адамдарды құтқаруға көмек керек болып жатады. Ондай сәтте әрбір секундтың өзі санаулы. Таразының бір табағында - адам өмірі тұр. Міне, соны кейбіреулердің түсінбейтіні тағы бар. Бірақ, тағы қайталап айтайын, біз ешқандай шақыртудан бас тартуға қақылы емеспіз. Қандай шақырту түссе де біз белгілі тәртіп бойынша 2 минуттан көп аспайтын уақытта әрекет етуіміз керек.
- Қандай үлкен апаттарда жұмыс істедіңіз?
- 2016 жылы облыста үлкен су тасқыны болды. Сол жылы суда қалған ауыл тұрғындарына көмектесу үшін Уәлиханов ауданы, Қулыкөл ауылына аттандық. Кейін Тимирязев ауданының Степной елді мекенінде және Тайынша ауданында жұмыс істедік. Биыл 2-жылу-электр орталығында түтін мұржасы құлағанда да біз үйіндінің астынан кәсіпорын жұмысшысын іздедік. Өкінішке қарай бір әйел мерт болды.
- Тікелей өзіңіз адам өміріне араша түскен кезіңіз болды ма?
- Петропавлдағы Уәлиханов көшесінде орналасқан жатақханада өрт шықты. Бұл өткен жылдың қараша айында болды. Мұндай оқиғада бізді де шақырады, өрт сөндіруге тікелей қатыспасақ та. Ол жерде адамдарды қауіпсіз жерге шығарумен, өздігінен жүре алмайтындарды тасымалдаумен айналысамыз. Өрт сөндірушілер улы газға уланған ер адамды ес-түссіз бөлмеден алып шықты. Мен бір қарағанда ол адамның жүрегі тоқтап қалғанын түсіндім. Алайда, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қолдан тыныс алдырдым. Тек үшінші әрекеттен кейін ғана ол өздігінен демала бастады. Жалпы осындай жағдайлар жиі болып тұрады. Мен бөлімше басшысы – құтқарушымын. Бөлімшедегі жігіттермен бірге бірнеше адамның өміріне араша түстік.

- Бөлімшеде неше адам бар? Ұжымдағы ахуал қандай?
- Бөлімшеде 7 адам бар. Ұжым бізде тату, басқаша болуы да мүмкін емес. Өйткені кез-келген құтқару операциясында біз бір-бірімізге сенім білдіріп, арқа сүйеуіміз керек. Кей шақыртуларда өмірімізді қауіп-қатерге тігуге тура келеді. Осындайда қасыңдағы әріптесің саған қолдау көрсетпесе, бәрінің соңы жақсы болмауы мүмкін.
- Отбасыңыз жұмысыңызға қалай қарайды?
- Отбасым менің жұмысыма үйренді. Менің таңдауыма құрметпен қарайды. Балаларым, мақтан етіп, үлгі тұтады.
- Құтқару операциясы кезінде қорыққан кездеріңіз болды ма?
- Қорқу – адамға тән. Тек ақылы кем адамдар ғана қорықпайды деп ойлаймын. Қорқыныш – адамның қорғаныш сезімі. Кез-келген шақыртуда тапсырманы 100 % орындаудан басқа, қасыңдағы иық тірестіріп жүрген әріптестерге қатысты үлкен жауапкершілік бар. Жұмыс барысында өртте, жол апаттарында қаза тапқан, суға кеткен адамдардың мүрделерін жиі көреміз. Оған да уақыт өте келе ет үйреніп алады.

- Құтқарушылардың өз арасында бір ырымдар бар ма?
- Жоқ, біздің қызметтің құрылғанына небары 7 жыл ғана, әзірге қандай да бір ерекшеленетін өзіндік дәстүрлеріміз қалыптасып үлгерген жоқ деп ойлаймын.
- 19 қазан – құтқарушылар күні. Мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілегіңіз бар?
- Әріптестеріме мықты денсаулық, тыныш ұйқы, отбасыларына бақ-береке, жалпы елімізде төтенше жағдайлардың аз болуын тілеймін,
- Рахмет!