Танымал блогерлер ескертуден кейін қосымша 18,2 млрд теңге табысын декларациялады — МКК

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық инфлюенсерлер салық төлегенде шынайы кірісін жасырып қалған. Алайда бұл әрекеті әшкере болып, қосымша 18,2 млрд теңге табысын декларациялады. Бұл жөнінде Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.

блогер
Фото: Freepik

Ведомство мәліметіне жүгінсек, былтыр 854 танымал блогерге жалпы 1586 хабарлама жіберілген. Өйткені олар 2022-2023 жылдарда табысын 71,9 млрд теңгеге азайтып көрсеткен. МКК ескертуінен кейін инфлюенсерлердің бірқатары ақылға келіп, қосымша табысын көрсеткен.

— Әзірге 622 инфлюенсер (блогер) қосымша формаларды тапсыру арқылы 18 млрд 292 млн теңге табысын декларациялады. Одан 875,5 млн теңге салық шегерілді, — деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Есіңізге салайық, былтыр ақпан айында да Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлерге төленбеген салық жөнінде жаппай хабарлама жолдаған болатын. Ол кезде 594 азамат табысын жалпы 53,3 млрд теңгеге төмендетіп көрсеткенін хабарлаған едік.

Алпамыс Файзолла

Соңғы жаңалықтар