Табысын 53,3 млрд теңгеге жасырған блогерлер анықталды — комитет

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кірістер комитеті табысын төмен көрсеткен блогерлерге хабарлама жібере бастады.

инфлюенсеры, блогеры, социальные сети, реклама
Фото: freepik.com

— Түрлі ақпарат көздерінен алынған деректерде ұсынылған салық декларацияларының мәліметтерімен салыстыру қорытындысы бойынша 594 тұлғаның табысында 53,3 млрд теңгеге сәйкессіздік анықталды. Оларға 13-14 ақпан аралығында «кірісті төмендету» заң бұзушылығы бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді, — делінген комитеттің бұқаралық ақпарат құралдарына таратқан ақпаратында.

Осы орайда мемлекеттік кіріс органдары салық міндеттемелерін толық орындау мақсатында блогерлер мен жеке тұлғаларға салықтық әкімшілендіруді тұрақты негізде жүргізілетінін хабарлап отыр. 

— Бақылау шараларын жүргізу кезінде мемлекеттік кіріс органдары уәкілетті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және өзге де тұлғалармен өзара жұмыс істейді. Хабарламаны орындау мақсатында дербес есептелген салықтарды төлей отырып, қосымша салық есебін тапсырады, ал хабарламамен келіспеген жағдайда себебін түсіндіру қажет, — дейді кірістер комитетінен.

Осылайша табысын жасырған блогерлерге салық мәселесін шешуге 30 күн берілді. 

— Табыс алу кезінде салықтарды төлеу қажеттілігіне, оның ішінде әртүрлі интернет-ресурстарында онлайн-жарнамаларды жариялауға (үйрету, сату, әртүрлі оқыту курстарын сату, ұтыс ойындарын өткізу және т. б.) назар аударамыз. Аталған міндеттемелер Қазақстан Республикасының Конституциясында және Салық кодексінде белгіленген, — деп толықтырылған хабарлама. 

Еске сала кетсек, былтыр тоғыз айда блогерлер 1,2 млрд теңге салық төледі. 

Сондай-ақ кірістер комитеті блогерлер төлеген салық қалай бақыланатынын түсіндірген еді.

Соңғы жаңалықтар