Танымал спортшы және Голливуд актері О Джей Симпсон айықпас дерттен көз жұмды

Голивуд актері
Фото: BBC

АСТАНА. KAZINFORM – О Джей Симпсон (толық аты-жөні Орентал Джеймс Симпсон), бір кездері ең жақсы америкалық футболшылардың бірі және Голливуд актері, 1990 жылдардың ортасында екі кісіні өлтіру бойынша атышулы іс кейіпкері АҚШ-та 76 жасында қайтыс болды, деп жазады DW.

11 сәуір, бейсенбіде Симпсонның отбасы өзінің X әлеуметтік желідегі ресми аккаунтында «Өлімнің себебі простата обыры болды», деп хабарлады.

О Джей Симпсонның спорттық карьерасы

Кәсіби түрде О Джей Симпсон Ұлттық футбол лигасында (NFL) Buffalo Bills және San Francisco 49ers командаларында 11 маусым бойы ойнады. Ол NFL-дегі ең табысты спортшылардың бірі болды. Оның жетістіктеріне бес рет Жұлдыздар командасына енуі және Жұлдыздар ойынына қатысуы, сондай-ақ бірнеше рет NFL статистикалық рекордтары кіреді. 1984 жылы ол NFL Даңқ Залына енгізілді.

Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін О Джей Симпсон фильмдерде ойнай бастады. Оның Голливудтағы ең танымал актерлік жұмысы «Жалаңаш мылтық» трилогиясы болды, онда О Джей Симпсон Лесли Нильсен ойнаған басты кейіпкердің серіктесі Детектив Нордбергті ойнады. Трилогияның бірінші фильмі 1988 жылы, соңғысы 1994 жылы жарық көрді.

Екі кісіні өлтіру ісі

1994 жылы Симпсонға бұрынғы әйелі Николь Браун Симпсон мен оның досы Рон Голдманды өлтірді деген айып тағылды. Айыптаушы тарап қылмысқа «қызғаныш» себеп болғанын айтты. Сот процесі бүкіл ел бойынша теледидар арқылы көрсетілді және АҚШ тарихындағы ең әйгілі және талқыланған сот процестерінің біріне айналды.

Симпсонның заңгерлік тобы қазылар алқасына олардың клиенті тек оның терісінің түсіне және полицияның нәсілдік көзқарасына байланысты нысанаға алынғанын айтты. Қазылар алқасы экс-футболшыны кінәсіз деп тапты, бірақ ақталғаннан кейін екі жыл өткен соң Симпсонның ісі азаматтық сотта қайта қаралып, оны бұрынғы әйелі мен оның досының өліміне кінәлі деп тапты. Спортшыға қаза тапқандардың отбасыларына шамамен 33,5 миллион доллар төлеу міндеті жүктелді.

О Джей Симпсон кейінірек жеңіл қылмыстары үшін бірнеше рет қамауға алынды. 2008 жылы ол қарулы тонау үшін 33 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол 2017 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.

Соңғы жаңалықтар