Танымал спортшыларға жаңа Конституцияның арнайы басылымы табысталды

АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрлігінде Қазақстанның жаңа Конституциясының арнайы басылымы табыс етілді. 
Іс-шараға қатысушыларға Конституцияның арнайы даналарын Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тарту етті.

Танымал спортшыларға  жаңа Конституцияның арнайы басылымы табысталды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Ведомствоның мәліметінше, естелік басылым спорт саласының өкілдеріне, спорт ұйымдарының басшыларына, танымал спортшылар мен спорт ардагерлеріне, сондай-ақ туризм саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандар мен сала өкілдеріне берілді.

Танымал спортшыларға жаңа Конституцияның арнайы басылымы табысталды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Министр жаңа Конституция Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам екенін және онда заң үстемдігі, жауапкершілік пен қоғамдық бірлік қағидаттары айқын көрініс тапқанын атап өтті. Сондай-ақ Конституцияны құрметтеу — мемлекеттің орнықты дамуының негізі екенін, ал әрбір азамат өз еңбегі арқылы елдің нығаюына үлес қосатынын айтты.

Танымал спортшыларға жаңа Конституцияның арнайы басылымы табысталды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

— Конституция — мемлекеттігіміздің берік тұғыры, елдің стратегиялық даму бағытын айқындайтын әрі әрбір азаматтың құқықтарына кепілдік беретін басты құжат. Әділдік, заңдылық және жауапкершілік қағидаттары мемлекеттік институттардың қызметінен бөлек, күнделікті өмірде, соның ішінде спорт пен туризм салаларында да нақты көрініс табуы маңызды. Заңға құрмет, адал еңбек және елге қызмет ету — қуатты әрі өркениетті Қазақстанның берік негізі, — деді Ербол Мырзабосынов.

Танымал спортшыларға жаңа Конституцияның арнайы басылымы табысталды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумның қорытындысы бойынша қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді.

Бұдан бұрын Абай облысында жаңа Конституцияның ресми басылымын табыстау рәсімі өткенін жаздық.