Танымал украиналық боксшы Жәнібекті жеңісімен құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM – Сиднейде өткен кәсіпқой бокс кешінде IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын қорғаған қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына (16-0, 11 КО) танымал украиналық боксшы Александр Усик хабарласты. Бұл туралы Sports.kz жазды.
Аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы Александр Усик қазақстандық боксшы Жәнібекке кезекті жеңісінен соң видеобайланыс арқылы хабарласып, кезекті жеңісімен құттықтады.
«Бауырым, жеңісіңмен құттықтаймын. Алған бағытыңнан тайған жоқсың. Сені менің командам да құттықтап жатыр», - деді Усик.
Өз кезегінде Жәнібек украиналық боксшыға алғысын білдірді.
Айта кетейік, Сиднейдегі бокс кешінде Әлімханұлы жаңазеландиялық Андрей Михайловичті 9-раундта нокаутпен жеңді. Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы кәсіби мансабындағы он алтыншы жекпе-жегін жеңіспен аяқтап, IBF және WBO титулдарын сәтті қорғады. Ал Андрей Михайлович мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.