Танымал абайтанушы Қайым Мұқамедханов шығармалары жарық көрді
АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Таяуда Алматыда белгілі абайтанушы Қайым Мұқамедханов шығармаларының 10-шы кітабы жарыққа шықты. Аталған басылымда алғаш рет ғалымның «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертациясын қорғау кезіндегі стенограммасы жария етілген.
Басылымда диссертация қорғау кезіндегі барлық процедуралар, абайтану бойынша пікірталас материалдары, сол кездердегі газет материалдары мен Абай мектебіне қарсы бағытталған Қазақ КСР ҒА Жаршысындағы жарияланымдар жарық көрген.
Өз өмірін, еркіндігін, отбасының аман-есендігін құрбан ете отырып, ол НКВД мен Қарлаг лагерлерінің адам төзгісіз азаптауларына көніп, Абай мектебін сақтап қалды.
Кітапты Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы әзірлеген және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ел шежіре» баспасынан жарық көрген.