Танымал АҚШ ғалымы қазақстандық кәсіпкерлерге кеңес берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлікте сәтсіздік не екенін түсінетін адамдарға құрметпен қарау керек. Бұл туралы Астана экономикалық форумының жалпы отырысында Нью-Йорк университетінің профессоры, «Қара аққу» теориясының авторы Нассим Талеб мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экономиканы шектен тыс тұрақтандыру әлемдік дағдарыстарға алып келеді. Мысалы, егер де баланы ешқандай микробы жоқ педиатриялық бөлімге жатқызсам, онда жеткіншек өзін жақсы сезініп өсіп-жетіледі, ал оны бұл бөлімнен шығарған бетте ағзасы белгілі бір қиындықтарға тап болады. Атап айтқанда, экономикада да дәл осындай жағдай»,-деді ғалым.
Сонымен қатар Н. Талеб соңғы жүз жылдықтарда АҚШ-тың қарқынды дамуына қандай себептер әсер еткендігін айтып берді.
«Білім беру деңгейі әлсіз бола тұра, олар қарқынды дамуға қалай қол жеткізді? Себебі Америка адамдарды дамуға мәжбүрлейді. Франклин мырза айтпақшы: «Америка барлық секторлардағы қателікке жол беру құқығын қалыпты үрдіс ретінде қабылдайды». Мысалы, Нью-Йоркте жыл сайын жүздеген мейрамханалар банкротқа ұшырайды. Экономикада үнемі кәсіпорындар банкрот болады. Адамдарды ғылымға баулу керек, яғни ғылымға барынша көп көңіл бөлген жөн. Сонымен қатар адамдарға кәсіпкерлікке баруына жағдай жасау қажет. Осы ретте өздеріңіз кәсіпкерліктегі сәтсіздік не екенін, қателіктің ащы дәмін сезініңіздер! Керісінше, сәтсіздік не екенін түсінетін адамдарға құрметпен қарау керек. Не үшін Америка қуатты мемлекет? Өйткені Америкада бизнесте банкроттықтың ең жоғары деңгейі байқалып отыр. Сондықтан онда технология секілді жақсы әрі ұтқыр қадамдар бірінші пайда болады»,-деп түсіндірді профессор.
Айта кетейік, Нассим Талеб әлемдік экономикаға айтарлықтай салдары тиетін болжауға келмейтін оқиғаларға негізделген «Қара аққу» теориясының авторы. Бұл теорияға мысал ретінде интернеттің дамуын, Бірінші дүниежүзілік соғыс, Кеңес Одағының күйреуі мен 11 қыркүйектегі терактіні атауға болады.
Н. Талебтің ғылыми саладағы негізгі зерттеулері әлемдік экономика мен биржалық саудаға кездейсоқ және болжауға келмейтін оқиғалардың ықпалына арналған. «Қара аққу» теориясы - ол кейіннен ауқымды салдарға алып келетін қиын болжанатын әрі сирек кездесетін оқиғаларды қарастырады.