Танымал актер Қасым Жәкібев өмірден өтті

АЛМАТЫ. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - ҚР халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, театр және кино актері Қасым Жәкібаев 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Танымал актер Қасым Жәкібев өмірден өтті

Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1966), Қазақстанның халық әртісі (1996) Қасым Жәкібаев 1928 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында дүниеге келген. 1944-48 жылдары Алматы көркемсурет училищесінде оқып, тәмамдаған. 1948-1984 жылдары Қазақтың балалар мен жасөспірімдер театрында, 1984 -1994 жылдары аралығында «Қазақфильм» киностудиясында актер болып қызмет істеген. Театр мен кино әлемінде 200-ден астам рөлдерді сомдады. Оның ішінде театрдағы ең алғашқы рөлі А.Толстойдың «Алтын кілт» ертегісіндегі Базилио рөлінен бастап М.Ақынжановтың «Алтын сақасында» Сарман, «Есірткен еркеде» Марат, «Ыбырай Алтынсаринде» Жақай, У.Шекспирдің «Гамлетінде» Полонин, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» Вурле, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Қайрақбай, Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұланың терісі үстіндегі сотында» Шыңғыс хан, т.б рөлдері көрермен жүрегіне жол тапты.

Кино саласында «Дерсу Узала», «Жансебіл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәнекер», «Сұрапыл Сұржекей», «Шоқ пен шер», «Отырар», «Махаббат стансасы», «Тоғысқан тағдырлар» фильмдерінде түрлі кейіпкерлерді сомдады.

Марқұммен қоштасу ертең сағат 10.00-де Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтеді.