«Танымал әннің тарихы» Қытай үкіметінің тапсырысымен Шыңжаң халық баспасында жарық көрді

АЛМАТЫ. 22 қараша. ҚазАқпарат - Қытайда Қазақстан журналистер одағының және Қазақстан жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты, журналист  Қаншайым Байдәулеттің «Танымал әннің тарихы» деген кітабы жарық көрді.

«Танымал әннің тарихы»  Қытай үкіметінің тапсырысымен Шыңжаң халық баспасында жарық көрді

«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің мәдениет бөлімі редакторының бұл жинағы Қытай үкіметінің тапсырысымен «Шыңжаң халық баспасында» төте жазу қарпімен басылып отыр.  Оған ұйытқы болған Өлкелік «Шыңжаң» газеті қазақ редакциясының редакторы, ақын-аудармашы Жайырбек Мұхамедханұлы.

Бұл кітапта «Айқын» газетінде  2007-2009 жылдары жарияланған  80 танымал әннің тарихы баяндалады. Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың өлеңіне жазылған  «Үшқоңыр», «Сарыарқа», «Елім менің» әндері, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Ілия Жақанов, Әсет Бейсеуов, Мұқағали Мақатаев, Есенқұл Жақыпбек, Исраил Сапарбай, Ескендір Хасанғалиев, Төлеген Мұхамеджанов, Кеңес Дүйсекеев, Шөмішбай Сариев, Мұхтар Шаханов, Мұзафар Әлімбаев, сынды ақындар мен композиторлардың туындылары бар.

Қытай, ұйғыр, қазақ, моңғол, қырғыз тілінде кітап-журналдар шығарумен айналысатын  «Шыңжаң халық баспасы» бұл өлкедегі ең байырғы және ең ірі баспа саналады. Онда  бұған дейін «Абай жолы»,  «Мөлдір махаббат», «Қан мен тер», «Құз басындағы әншінің зары», «Қажымұқан», «Атаукере», «Мынау аппақ дүние», «Көк бөрілердің көз жасы», «Жамбыл жырлары», «Дәуір дастандары», «Әр күн - арайлы таң», «Жүрек демін алғанда», «Мен саған ғашық емес ем», «Сағыныш сазы», «Рүстем-Дастан», «Құтты білік» сияқты кітаптар мен қазақ тілінің түсіндірме сөздіктері жарық көрген болатын.