Танымал қазақстандық жазушы Кемел Тоқаевтың кітабы әзербайжан тілінде жарық көрді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ детективінің негізін қалаушы, әйгілі жазушы Кемел Тоқаевтың «Ночной выстрел» атты жинағы әзербайжандық «Ганун» баспасынан, әсем етіп безендірілген мұқабамен жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат АЗЕРТАДЖ агенттігіне сілтеме жасап.
None
None

Агенттіктің хабарлауынша, кітапты әзербайжан тіліне жазушы-аудармашы Нариман Абдулрахманлы аударған. Кітаптың рецензенті филология ғылымдарының докторы, профессор Бадирхан Ахмедли, редакторы Махир Гараев.

Кітаптың алғысөзін детектив жанрында жазылған шығармалардың танымал авторы, Әзербайжан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы, Кемел Тоқаевтың шығармаларымен етене таныс халық жазушысы Чингиз Абдуллаев жазды.

Оның «Қасиетті парыз» атты бөлімінде Кемел Тоқаевтың шығармашылығына ауқымды әрі дәл баға берілген және шебер жазушының рухани құндылықтарға ерекше мән беретіні айтылған.

Кітаптың тағы бір ерекшелігі – «Әке туралы бірер сөз» атты басылымның алғысөзі. Оны Кемел Тоқаевтың баласы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жазған.

Өзінің мемуарлық эссесінде Қасым-Жомарт Тоқаев жазушының өмір жолы туралы баяндайды, оның туып-өскен ортасын суреттейді, майдандағы қиындықтары туралы әңгімелейді. Сондай-ақ Кемел Тоқаевтың жазушы ретінде қалыптасуы жөнінде сыр шертіп, оның шығармаларына деген өзінің көзқарасы, шығармашылық ұстанымы мен жолдастары туралы жүрекжарды пікірін білдіреді.

Жинаққа «Золото с тамгой», «Ночной выстрел» және «Таинственный след» повестері енген. Автор бұл туындыларында алыпсатарлармен күрес, арнайы қызметтердің шетелдік жансыздармен қақтығысы, жаудың барлаушыларының қылмыстарын ашудағы өте жоғары кәсіби деңгейі, соғыс жылдарындағы қиын-қыстау күндерді өте шебер баяндайды.

Бұл кітаптың Қазақстан мен Әзербайжан халқы арасындағы мәдени және әдеби байланыстың нығаюына зор үлес қосып, оқырмандардың кітапты ерекше қызығушылықпен оқитыны сөзсіз.


Соңғы жаңалықтар