Танымал қазақстандықтар науқас балаларға көмектесу үшін өз заттарын сатылымға шығара бастады (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық жұлдыздар ауыр дертке шалдыққан балаларға көмектесу үшін қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. «Жүректен - жүрекке» жобасы аясында жұлдыздар өз заттарын жаппай сатылымға шығарды.
Олардың арасында дизайнер Салтанат Баймұхамедова өзінің Salta коллекциясындағы жаңа көйлектерін, дизайнер Максим Акбаров телефон қабын, «Дуэт Л» тобы зергерлік әшекей бұйымдарын, актриса Линда Нығматуллина дизайнерлік көйлегін, радиожүргізуші Диана Снегина символикалық кәдесыйларын сатты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазірдің өзінде 80-ге жуық эксклюзивті заттар қолдан қолға өтіп, науқас балаларға пайдасын тигізбек. Көптеген белгілі тележүргізушілер, эстрада жұлдыздары, актерлер «Жүректен - жүрекке» жобасын қолдайтындарын білдірді. Диана Снегина, Линда Нығматуллина, Гүлнар Сильбаева, Санжар Мадиев, Максим Акбаров, Айқын Төлепберген, Максим Кичигин, Салтанат Баймұхамедова, Зара Есенаман, Тәңірберген Бердоңғаров, Қарлығаш Мұхамеджанова, Дуэт Л, Ru-Me топтары акцияға қосылып, арнайы матаға өздерінің алақан таңбасын қалдырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба басталғалы бері 6 айда «UnityKZ» қоры 5 млн теңге жинап алуды жоспарлап отыр.