14:15, 04 Ақпан 2011 | GMT +5
Танымал кинорежиссер Дариға Тіналиеваны ақтық сапарына шығарып салу рәсімі болды
АЛМАТЫ. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясында КСРО кинематографистерінің үздігі, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, танымал кинорежиссер Тіналиева Дариға Байжұманқызын ақтық сапарына шығарып салу рәсімі болды.
«Дариға Байжұманқызы қазақ киносының дамуына қомақты үлес қосқан жан еді. Бүгінде тарихқа айналып бара жатқан жандарды мәңгілік жадымызда сақтаймыз. Өмірдегі өнегелерін кейінге жастарға берсін», - деді ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, кинорежиссер Сламбек Тәуекел.
Өзінің еңбек жолын соғыс жылдары бастаған Д. Тіналиева 22 жыл «Мосфильмде» жұмыс істеп, Қырғызстан, Түркіменстан, Украина және Қазақстанда кино түсірумен айналысты. Сонымен қатар, бірнеше фильмге түскен актриса. Мәскеуде оқып жүріп, 1945 жылы «Абай әндері» фильміндегі Еркежан бейнесін сомдады. Соғыстан кейін Дариға Байжұманқызы деректі фильмдер түсірген. 30 жылдан астам уақыт еңбек жолында мыңнан астам фильмді дубляждаған.