Танымал корей әншісі қазақ тілінде ән шырқады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал корей әншісі және актер Ханбёль (Jang Han Byul) Астанада концертін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Концерт ұйымдастырушылары - Қазақстандағы Корея елшілігінің Корей мәдениет орталығы әнші концертін ғана емес, оның көрермендермен кездесуін де ұйымдастырды.
Концерт барысында әнші туған күні концертпен тұспа-тұс келген тыңдармандарын құттықтап, өз репертуарындағы таңдаулы әнін орындап берді. Одан бөлек, кез келген көрермен арнайы тақтаға сұрақтар мен тілектерін қалдырып кетті, кейбіріне әнші концерт үстінде жауап берді.
«Мен қарды өте жақсы көремін. Маған Жапониядағы Саппоро ұнайды, себебі онда қар көп. Бүгін таңертең қонақ үй терезесінен қарға оранған Астананы көргенде, бұл қалаға ғашық боп қалдым. Фотоға түсіріп, анама жібердім. Анам осында көшіп келгісі келетінін айтты. Менің бүкіл командам маған осы қалада тұру керек деп жатыр. Мен Астанаға екінші рет келдім. Алғаш рет қыркүйек айында «2016 Feel Korea in Kazakhstan» концертіне келгенмін. Бірақ, ол кезде мұндай қар сұлулығын көрген жоқпын», - деді әнші.
ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Ханбёль қазақ сөздерін анық айту үшін ұзақ жаттыққанын айтты. Корей шоу-бизнесінің 26 жастағы жұлдызы 2011 жылы оңтүстіккореялық «Led Apple» рок тобында өнер көрсете бастады. 2014 жылы топтан кетіп, жеке әнші ретінде таныла бастады. Ол корей сериалдарына саундтрек жазып, телешоуларды жүргізеді.