Танымал миллиардер Уоррен Баффетт қатерлі ісікке шалдықты
АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Белгілі америкалық бизнесмен-миллиардер, Berkshire Hathaway инвестициялық холдингінің басшысы, 81 жастағы Уоррен Баффетт дәрігерлердің одан простата қатерлі ісігін тапқанын айтты,
деп хабарлайды Бірінші арна Еуразия .
Бұл күйінішті хабарды ол компания акционерлеріне жеткізді. Баффетт өзінің арнайы мәлімдемесінде өз дертінің аурудың бастапқы сатысында екенін жеткізді. «Дегенмен, дәрігерлердің айтуынша, бұл аурудан менің өміріме төніп тұрған қауіп жоқ және күш-қуатыма зиянын тигізбейді. Медициналық сараптама көрсеткендей, қатерлі ісік дененің басқа бөліктеріне жайылмаған», - делінген олигархтың мәлімдемесінде.
Баффеттің айтуына қарағанда, ол шілденің ортасынан бастап екі айлық радиотерапия курстарынан өтеді. «Бұл жағдай менің қозғалысыма шектеу қоюы мүмкін, бірақ күнделікті өмір дағдыларыма еш әсерін тигізбейді», - деп сендірген миллиардер өзін сергек те жігерлі сезінетінін айтты. Бұдан бұрынырақ, ақпан айында ол өзінің мұрагерін тағайындағанын жеткізген болатын, бірақ оның аты-жөні белгісіз күйінде қалды.
Уоррен Баффетт 1930 жылы 30 тамызда Американың Омаха қаласында дүниеге келген, 1951 жылы Колумбия университетінің бизнес мектебін бітірді. 1965 жылдан бастап Berkshire Hathaway инвестициялық-қаржылық холдингінің бас директоры болып қызмет атқарады. Әр жылдары The Washington Post, Coca-Cola және басқа да компаниялардың Директорлар кеңесінің құрамына енген. Бүгінгі күні оның дәулеті 44 миллиард долларға бағаланады.