Танымал тарбағатайлық төкпе ақын Серікхан Жақиянов өмірден өтті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Айтыс əлеміне сексенінші жылдардың соңында танылып, «Қарақасқа» атанған тарбағатайлық төкпе ақын Серікхан Жақиянов ұзақ науқастан қайтыс болды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Бірнеше республикалық айтыстардың жеңімпазы, айтыс өнерінің абызы Манап Көкеновтің өзі домбырасын сыйлаған Серікхан Жақиянов 58 жасында өмірден өтті.
Айтыс ақыны 1959 жылы 18 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қабанбай ауылында дүниеге келген. Көлбай Төгісов мектебінде 8 сыныпты бітірген (1966-1974).
1977-1979 жылдары әскер қатарында болған. Жергілікті кеңшарда түрлі лауазымдар атқара жүріп, 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысының бас ақыны атағын алады.
Бірнеше облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері болды. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында ақын Манап Көкеновпен айтысып батасын алған (1988). Оның ақындығына риза боп, болашақ өнеріне сенім артқан Манап ақын басындағы тақиясын кигізіп, 18 жыл ұстап келе жатқан домбырасын өз қолымен ұсынған.
Талдықорған қаласында өткен «Біржанның інілері, Сараның сіңлілері» атты республикалық ақындар айтысында жеңіс тұғырынан көрінген. Ақтөбе облысының 120 жылдық тойы мен Құдайберген Жұбановтың 90 жылдық мерейтойына арналған айтыста жүлдегер атанды.
Торғай облысында «Үш арыс» деп аталған республикалық айтыстың бас жүлдесін, Қостанай қаласында өткен Ы. Алтынсарин атындағы айтыстың І орынын, Семей қаласында желтоқсанға арналған республикалық айтыстың бас жүлдесін, Тарбағатай ауданында Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыстың І орынын (1992) иеленген. Алматы қаласында өткен халықаралық ақындар айтысының жүлдегері.
Ақынды ақтық сапарға шығарып салу рəсімі 7 мамыр күні сағат 11.00-де Өскеменнің іргесіндегі Меновное ауылының зиратында өтеді. Сүйегі Ұлан ауданының Отрадное ауылындағы үйінен шығарылады.
Фото: aitysker.org