Танзанияда автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 28 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Танзанияның шығысындағы Морогоро аймағында жолаушылар автобусы мен ағаш тиеген жүк көлігі бетпе-бет соқтығысып, кемінде 28 адам қаза тапты. Бұл ақпаратты жергілікті өрт сөндіру және құтқару қызметі растады, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

28 человек погибли при лобовом столкновении автобуса и лесовоза в Танзании
Видеодан алынған скрин

Морогоро өңірлік өрт сөндіру және құтқару қызметі басшысының міндетін атқарушы Джозеф Мвасабеджаның мәліметінше, жол апаты бейсенбіге қараған түні Морогоро - Дар-эс-Салам тасжолының Мкамбарани елді мекені маңындағы бөлігінде болған.

Ағаш тиеген жүк көлігі Дар-эс-Салам қаласынан елдің оңтүстігіндегі Мбея қаласына бағыт алған жолаушылар автобусымен соқтығысқан. Қатты соққыдан кейін автобус өртеніп, толығымен жанып кеткен.

– Жол апатына жүк көлігінің жүргізушісі кінәлі. Оның жеке басы әзірге анықталған жоқ. Жүргізуші қауіпсіздік шараларын сақтамай, алдыңғы көлікті басып озуға әрекеттенген. Соның салдарынан жүк көлігі қарсы бағытта келе жатқан жолаушылар автобусымен бетпе-бет соқтығысқан, – деді Джозеф Мвасабеджа.

Құтқару қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға салдарынан кемінде 28 адам көз жұмған.

Айта кетейік, бұған дейін Швецияда тасжолда екі қабатты автобус аударылып, зардап шеккендер бар екені хабарланған болатын.