Танзанияда мектепке жай түсіп, мұғалім мен 4 оқушы көз жұмды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танзанияда мектеп сыныбына жай түсті, бұл кезде сыныпта 22 адам болған, төрт оқушы мен бір оқытушы оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлады GlobalPost.
Оқиға дүйсенбіде елдің шығысындағы Ньякасан ауылында орын алды. The New Zealand деректеріне сүйенсек, оқушылар мен оқытушы найзағайдан қорғануға тырысқан.
«Жай оты сыныпқа түсті», - деп мәлімдеді облыс әкімшілігінің өкілі Кигома Уильям Литухи. Оның айтуынша, 17 бала жарақат алған.
2013 жылғы 3 қаңтарда Танзанияда Ирландияның альпинисті 42 жастағы Иэн Маккивер (Ian McKeever) Килиманджаро шыңына өрмелеп бара жатқан кезде жай түсіп қаза тапқан.