Таңжарық оқуларының жеңімпаздары анықталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған ІІ Таңжарық оқуларының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Аталмыш шараның ұйымдастырушысы, жобаның авторы Тұрсынбай Дәуітұлының айтуынша байқауға қаланың 8 оқу орнынан 50-ден аса үміткер қатысып, оның 15-і іріктеуден өткен.
Бас жүлдені Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің 2-курс студенті Үміт Оңласын жеңіп алды. І орынды Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 1-курс студенті Салтанат Әнапияева иеленді. Екінші орынға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 2-курс студенті Гүлім Садырбекова мен осы оқу орнының 1-курс студенті Айжан Мелдебек табан тіреді. Үшінші орынды Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 3-курс студенті Ринат Сарыбала, Сүлеймен Демирел университетінің 3-курс студенті Алтынбек Ибрагимов, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 1-курс студенті Айдана Нұрдан үшеуі өзара бөлісті. Барлық жеңімпаздар қаржылай демеушілік көрсеткен «Халықаралық Таңжарық зерттеу» қоғамдық қорының ақшалай сыйлықтарымен марапатталды. Бұдан өзге тағайындалған «Көдек Маралбайұлы» мен «Доспер Саурықұлы» атындағы арнайы сыйлықтың иегерлері анықталды. Оған Қыздар университетінің 1-курс студенттері Қамажай Еркебаева мен Мерейлім Мырзабек лайық деп танылды.
Шара алдымен «Таңжарық таңдамалы шығармалары» деген атпен биыл «Мерей» баспасынан 2000 данамен жарық көрген дауылпаз ақын Таңжарық Жолдыұлының өлеңдері, толғаулары, дастандары мен таңдаулы шығармалары енген кітаптың тұсаукесерімен және айтыскер ақын аруларымыз Арзыгүл Қайыңбайқызы мен Зура Шайдымұратқызының жыр шашуымен ашылды.
Шара барысында сонымен қатар, Таңжарық мұрасын зерттеп, насихаттауға үлес қосып жүрген бес азамат: Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Темірхан Тебегенов, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері, мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері, «Халықаралық Таңжарық зерттеу» қоғамдық қорының төрағасы, жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев, ҚХР Шынжаң халық радиосының ардагер қызметкері Жібек Базарбайқызы, Қазақ радиосының қызметкері, ақын, журналист - Бақыт Жағыпарұлы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Республикалық, халықаралық әншілер байқауының жүлдегері, әнші Нұржан Жанпейісов Қыздар университетінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жоғары деңгейде өткен кеш шағын концерттік бағдарламамен аяқталды. Онда өнер көрсеткен әнші Нұржан Жанпейісов Таңжарық Жолдыұлының ел аузында көптен айтылмай жүрген «Ақын сыры» атты толғауын орындаса, «Күміс көмей-жез таңдай» әншілер конкурсының бас жүлдегері, әнші Сәулежан Тахзияұлы «Қос жеңге» әнін, Қытай Халық Республикасының әртісі Бақыт Әсенқызы «Сағыныш» әнін нақышына келтіре орындап, кеш ажарын аша түсті. Сонымен бірге жас әншілер де Жолдыұлының өлеңдерін шарықтата орындап, ақын мұрасын насихаттауға үлес қосты.
Осылайша, абақтыдан азаттыққа шығып, ақталған Алаш арысының асыл арманы тәуелсіз Қазақ елінің сахнасында тағы бір мәрте сәтті орындалып, рухы көтеріліп, атағы аспандай түсті. Қыздар университетінде өріс алған мағыналы да, мәнді өнер тойы алдағы уақытта да жалғасын табады. Ұлтын сүйер ұрпақ барда бұл игі қадам ешқашан ұмытылмақ емес, ақын мұрасы еш жоғалмақ емес.
Бүгінде ақынның 130 өлең-толғауы, 12 қисса-дастаны, 6 айтысы, 4-5 әні жарық көрді. Ақын шығармалары жыл өткен сайын толыға түсуде.
Ақын атында туған жерінде еңбектері, мұралары, пайдаланған заттары сақталған мұражай бар. 2009 жылы 23 желтоқсанда қалалық мәслихаттың шешімімен Астана қаласы көшелерінің біріне Таңжарық Жолдыұлының есімі берілген.