Тапшылық білініп отырған мамандықтарға облыстар бойынша квоталар бөлінсе игі - Х. Уәлиев

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Өңірлерде тапшылық білініп отырған мамандықтарға облыстар бойынша квоталар бөлінсе игі. Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат Хұсайын Уәлиев осылай мәлім етті.

Тапшылық білініп отырған мамандықтарға облыстар бойынша квоталар бөлінсе игі - Х. Уәлиев

«Білім беру жүйесінде біз мақсатты түрде халықаралық стандарттарға қарай қадам басып келеміз. Алайда, осындай бағыт ұстана отырып, еліміздегі аз жабдықталған мектептердің проблемасына және бірқатар мамандықтар бойынша кадрлық тапшылық мәселесіне назар аударғанымыз жөн. Жалпы, елімізде аз жабдықталған мектептер саны 50 пайызға жуық болса, солтүстік өңірдегі ауылдарда бұл 70-80 пайызға дейін жетеді. Бұдан бөлек, жекелеген өңірлерде, оның ішінде ауылдық жерлерде дәрігерлер тапшылығы да жүздеп саналады. Алайда осыған қарамастан жағдайдың оң үрдіске ие болатыны байқалмайды», - деді сенатор. Осыған орай, депутат Х. Уәлиев қоғам үшін аса маңызды саналатын жоғарыдағы проблемаларды шешудің екі нұсқасын ұсынады.

«Біріншіден, аз жабдықталған мектептер бойынша кең ауқымда ресурстық орталықтарды құру барысында кең бейінді мұғалімдерді де даярлау қажет. Мәселен, үш бағытта - гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық. Екіншіден, аса тапшы болып отырған медициналық мамандықтар бойынша жастарды тиісті оқу орындарында оқыту үшін облыстар бойынша квоталар бөлінгені абзал. Оған арнайы мониторинг жүргізілсе де игі», - дейді сенатор.